Сейсенбі күні бірнеше журналист Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен Ақордада кездесіп, әңгіме өрбітті. Тақырып – Парламенттік реформа. Жұртшылықта «Сенат тарайды, бір палаталы Парламент болады, онда бірмандатты депутаттар болмайды» деген жалпы түсінік бар. Бірақ ол реформаның бәрі қалай іске асатыны, Конституцияның 40-қа жуық бабын не үшін өзгерткелі жатқаны жайында сауал көп. Мемлекеттік кеңесші – Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төрағасына Tizgin.kz порталы да сұрақ қойды.
Тамара Вааль, «Власть»:
– Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында Конституцияға 40-тан астам түзету енгізілетіні айтылды. Жұртшылықты қандай түзетулер күтіп тұр?
– Президенттің сөзінде айтылғандай, Конституцияның шамамен 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Конституцияда барлығы 99 бап бар десек, бұл реформа шынында да, ауқымды болады – Ата заңның жартысына жуығын қамтиды. «Неге сонша көп бап өзгереді?» деген сұрақ та орынды. Threads, Instagram, Facebook желілерінде «бұл сан қайдан шықты» деген пікірлерді көрдім. Кейбір азаматтар «бұл тек парламенттік реформа болса, неге оны Конституцияны жаңарту деңгейіндегі өзгеріс деп айтамыз?» деп те сұрайды.
Сонымен неге 40 бап? Себебі Парламент – кез келген саяси жүйенің негізгі тірегінің бірі. Қазақстанда да солай. Конституцияда Парламентке тұтас бір бөлім арналған, дәл сол сияқты Президент институтына да, Үкіметке де арналған жеке тараулар бар. «Парламент туралы» бөлімнің өзі 15 баптан тұрады. Демек, бұл реформалар автоматты түрде сол 15 бапқа әсер етеді деген сөз. Одан бөлек, Президент пен Үкіметке қатысты бөлімдерде де бұл институттардың Парламентпен қатынастарына, ынтымақтастық тәртібі мен түрлі процедуралық мәселелерді шешуге байланысты баптар баршылық. Соның бәрін қосқанда 40 бапқа жуық шығады. Сол себепті біз негізіне Парламентке қатысты нормалар мен баптарды қарастырамыз, алайда сол өзгерістер өз кезегінде «Парламент туралы» базалық бөлімге сәйкес, Президент пен Үкіметке және басқа да институттарға қатысты бөлімдердегі тиісті баптарға да түзетулер енгізуді талап етеді. Қазір тек Парламенттің қызметіне тікелей қатысты баптар жайлы сөз болып отыр. Ең әуелі, бір палаталы Парламенттің қалай жұмыс істейтінін айқындайтын негізгі сұрақтарға жауап табуымыз керек. Өйткені Президенттің өзі атап өткендей, кейбір сарапшылар алдағы Парламенттік реформаның мәніне өкінішке қарай, тым жеңіл қабылдайды – оны тек Сенатты тарату ісі деп түсінеді. Шын мәнінде, алдағы Парламенттік реформа – жай ғана техникалық немесе механикалық процес емес. Ол тек Сенатқа қатысты баптарды алып тастаумен шектелмейді, әлдеқайда терең әрі құрылымдық өзгерістерді қамтиды. Мұнда дербес әрі толыққанды институт ретінде бір палаталы Парламентті қалыптастыру жайлы болып отыр.
Көпшілік «бір палаталы Парламентке көшуді бүкіл қоғам қолдайды, онда талқылайтын не бар? Жұмыс тобын не үшін құрып жатыр? Тіпті, неге референдум өткізу қажет?» деген пікірлер айтылады. Бірақ жауапты шаруаға атүсті қарауға болмайды. Үлкен жұмыс күтіп тұр.
Қазір жұмыс тобының екінші отырысына дайындалып жатырмыз. Сұрақтың бәрін бірнеше блокқа бөліп қойдық, ал әр блоктың өз ішінде талқылауды қажет ететін нақты мәселелер бар. Осы бағыттар бойынша ортақ шешімге келуіміз керек.
Алда өте маңызды әрі терең пікірталастар күтіп тұр. Саяси сарапшылардың көзқарасы тыңдалады, екінші жағынан ғалымдар мен заңгерлер ұстанымын айтады. Әркімнің өз пайымы бар.
Аян Өрібай, Tizgin.kz:
– Мажоритарлық жүйе жөнінде сұрақ: әуелі бұл жақсы реформа ретінде таныстырылып, іске асты, халық қалаған кейбір депутаттар Парламентке келді. Бір палаталы Парламентке бару үшін осы жүйемен жекелеген азаматтар сайлауға түсе алмайтыны шешілген мәселе ме? Егер жұмыс тобы «қалсын» деп шешсе, бірмандатты жүйе қалуы мүмкін бе? Мәселен, Парламент сайлауына түскісі келетін азаматтардың кез келген партиямен көзқарасы, пайым-пікірі үйлеспеуі мүмкін. Бұл тұрғыда нақты қандай шешім болады?
– Біздің ұстанымымыз – бір палаталы Парламентке көшкен жағдайда ол пропорционалды жүйемен құрылса дейміз. Ол мәселені де жан-жақты пысықтадық. Негізгі сарапшылар бұл ойды қолдап отыр. Партиялардың, фракциялардың басшыларымен кездестім. Олар тарапынан да қолдау бар. Бұл тұрғыда бір нәрсені ерекше атап өту керек – біз мажоритарлық жүйеден кетіп жатқан жоқпыз. Мажоритарлық сайлау жүйесі жергілікті жерде қалады. Себебі облыстық мәслихат депутаттарының қазір 50% бірмандатты болса, 50% пропорционалды жүйемен сайланады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары толық мажоритарлық принциппен бірмандатты округ арқылы сайланады. Неге? Себебі олар жергілікті халықпен жұмыс істейді, нақты елдімекендегі мәселелерді шешумен айналысады. Сол себепті біздің ойымызша, жергілікті жерде бірмандатты, мажоритарлық жүйе сақталуы керек. Сайлаушылардың, тұрғындардың белгілі бір депутатты сайлап, сол депутат арқылы елдімекендегі мәселелерді тікелей шешуі тиіс.
2022 жылға дейін облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға депутаттар толығымен пропорционалды жүйемен келетін. Бізде мажоритарлы сайлау жүйесі мүлде болған жоқ. Оның үстіне бұл реформаларға жүйелі қарау керек. Біз облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға мажоритарлы, бірмандатты округтер арқылы сайлау жүйесін қалдырамыз, одан бас тартпаймыз. Одан басқа ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілді. Қазір екі мыңнан астам ауыл әкімдері толық сайланды, сайлаудан өтті. Енді аудан әкімдерін сайлау басталды. Тікелей сайлау жүйесі біздің жағдайда кеңейіп келеді. Азаматтардың жергілікті өңірде өз депутаттарын, өз ауылдары мен аудандарының әкімдерін де сайлауға құқығы кеңейді. Мұндай саяси практика тұтас аймақта тек біздің елде бар.
Парламентке келер болсақ, пропорционалды жүйе өзін меніңше, толығымен ақтайды. Мұнда бір мәселені ескеру керек: бірмандатты округтер арқылы сайлау жүйесін идеалдандыруға болмайды. Тәуелсіз кандидаттарға да сайлауға түсуіне мүмкіндік беру керек дегендей айтасыз, бірақ бірмандаттылардың бәрі тәуелсіз, ал басқалар тәуелді екен деп айтуға болмайды. Бірмандатты округтер арқылы партия өкілдері сайлауға түсе алады, түсті де. Көп жағдайда үлкен ресурстарға ие үміткерлер сайлауға түсіп жатыр. Облыстардан келген депутаттар мәселен, бізде – бірмандаттылар. Екі округ болған күннің өзінде де азаматтарға (партияға кірмеген) сайлау науқанын өткізу оңай емес, оған да үлкен мүмкіншілік, ұйымдастырушылық ресурстар керек. Сондықтан, бірмандатты округтер арқылы тек тәуелсіз кандидаттар өтеді екен деп, ал пропорционалды жүйеде тек тәуелді кандидаттар келеді деп, екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды.
Жоғарыда айтқанымдай, мажоритарлы жүйені мінсіз деуге келмейді. Оның да өзінің кері тұстары бар. 2023 жылы оны көрдік. Мәселен, соның бірі – трайбализм. Оның барын ашық айтайық. Кейбір округтерде үміткерлердің сайлау бағдарламасы, біліктілігі, харизма, артықшылығы емес – шыққан тегі, туысқандығы есепке алынып отырды. Ол да өзінің кері әсерін тигізді. Бірмандатты округ арқылы әйелдер, мүгелектігі бар адамдар жеңіске жетіп, осындай мүмкіндікке ие болды ма? Керісінше, пропорционалды сайлау жүйесі арқылы партиялық тізімде квота болғанының арқасында бүгінгі таңда Парламентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар өкілдікке ие болды. Жастар келді.
Бұрын бір заң жобасы Мәжілісте екі оқылымда қаралып, Сенатта тағы екі оқылымнан өтетін. Бұл тәртіп заң жобаларын сапалы түрде қарауға мүмкіндік берді. Кейбір сарапшылардың «бір палаталы Парламентке көшкен жағдайда заңдардың сапасы төмендеп кетпей ме!?» деген уәждері бар. Міне, сондықтан Парламентке кәсіби мамандардың келуінің қажеттілігі одан бері арта түседі.
БАҚ өкілдері кейде кейбір депутаттарға «мемлекеттік басқаруда тәжірибесі жоқ, басқа саланың өкілдері, мамандар керек» деп сын айтып жатады. Пропорционалды сайлау жүйесі осындай кәсіби мамандардың келуіне көп жағдай жасайды. Себебі бір палаталы Парламентке жауапкершілік арта түседі. Жоғары палатасыз оның өзі заң жобасын толық, басынан аяғына дейін талқылайды. Бір палатаның аясында бұл заң жобасын неғұрлым жан-жақты, терең қабылдау керек.
Қайыржан Смағұлов, 24KZ:
– Сіз сарапшылар мен ғалымдардың пікір-пайымын ескеріліп, әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқып отырғаныңызды атап өттіңіз. Азаматтарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік беретін Е-оtinish, eGov сияқты арналар бар. Солар арқылы ұсыныстар түсіп жатыр ма?
– Иә, жұмыс тобының алғашқы отырысы 14 қазан күні өтті. Дәл сол күні біз eGov және eOtinish платформаларында азаматтардың ұсыныстарын жинауға арналған арнайы арнаны іске қостық. Ол порталдың басты бетінде орналастырылған, яғни барлығына көрінетін және кез келген адам оңай өтіп, өз ұсынысын жолдай алатындай ыңғайлы жасалған. Азаматтар өте белсенді.
Бұл жерде бір айырмашылық бар: eOtinish жүйесі арқылы әдетте өтініштер мен шағымдар жіберіледі, ал бұл арна тек ұсыныстарға арналған. Азаматтар мұнда жай мәтін жазып қана қоймай, қажет болса, құжаттарды қоса тіркей алады. Аптаның басында мен әріптестеріммен кездесіп, түскен ұсыныстардың саны мен мазмұнын қарап отырамын. Екі апта ішінде ғана барлығы түрлі бағытта 188 ұсыныс түсті. Біздің азаматтар өте белсенді екенін ерекше атап өткім келеді, түрлі тақырыптар бойынша білім-білігі мен түсінігі бар екенін байқатып отыр. Олар тек жалпы мәселелерді көтеріп қоймай, комитеттердің жұмысы, квота жүйесі сияқты жекелеген тетіктерге қатысты да нақты ұсыныстар жолдаған.
Әзірге ерте қорытынды жасауға болмайды, біз барлық материалды параллель зерттеп жатырмыз. Азаматтардың ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі. Кейбір идеялар өте орынды. Біз оларды бірден жұмыс тобының аппаратына жолдап, ары қарай қарауға және қажет болса отырыстың күн тәртібіне енгізуге тапсырма бердік. Одан бөлек жалпы сипаттағы пікірлер де келіп түсіп жатыр. Көп азаматтар реформаны қолдайтынын, мұндай өзгерістердің уақыты пісіп жетілгенін, елдің саяси мәдениеті мен азаматтық санасының жаңа деңгейге көтерілгенін айтады. Яғни, қоғамның өзі бір палаталы парламентке көшуге дайын екенін байқатып отыр.
Армангүл Тоқтамұрат, Qazaqstan ҰА:
– Реформалардың жоспарланған мерзімі неге ұзақ уақытқа созылады? Неге оларды жедел іске асырмасқа?

Фото: Мәжіліс
– Шындығында, Президент өз Жолдауында Парламенттік реформаны ұсынған кезде аудитория тарапынан бірден қолдау білдірілді. Тіпті әдетте билікті сынап жүрген азаматтардың өзі де «иә, бұл дұрыс реформа, бұрыннан біз айтып жүрдік, сондықтан қолдаймыз. Бұл реформаларға қоғам тарапынан қарсылық жоқ, керісінше, бәрі қолдайтын болса, неге оны ұзаққа созып, референдумды неге қазір бірден өткізе салмасқа?» дейді. Бұл белгілі бір ұзақ уақытты және дайындықты талап етеді. Конституцияның 40-қа жуық бабы өзгереді. Ол жерде тек сөз атауы қысқарып қалмайды. Бірпалаталы Парламентке көшкеннен кейін қосымша сұрақтар пайда болады. Мысалы, Парламентте депутаттардың саны қанша болуы керек? Көбейе ме, азая ма? Белгілі бір норматив немесе стандарт бар ма? Сұрақ көп. Сондықтан, қазір біздің сарапшылар әлем тәжірибесін зерттеп жатыр. Бір елдерде халықтың саны ескеріледі. Басқа елдерде сайлаушылардың саны есепке алынады. Тағы бір мемлекеттерде тек бекітілген депутаттар саны ғана бар. Халық саны өссе де, депутаттар саны өзгермейді. Әртүрлі елде әртүрлі норма баршылық. Біз де солардың бәрін зерттеп, қайсысы оптималды екенін талдап жатырмыз.
Депутаттар саны айқындалған соң Парламенттегі комитеттер саны бар. Жеті комитет қала ма, әлде қосымша комитеттер қосыла ма? Мұның бәрі жеребемен шешілмейді ғой!? Дауысқа сала салып, жұмыс тобында 120 болсын немесе 90 болсын деп шеше сала алмаймыз. Біздің елдің ерекшелігіне сай келетін, саяси жүйенің қызметін есепке алатын негізі, арқауы бар амал-әдістер керек. Сондықтан, әр норма зерттеуді, салыстырмалы талдауды, саяси-құқықтық қырларды талап етеді. Әр норманы біз сарапшылармен мұқият зерттеп, есептеп, салыстыруымыз керек. Содан кейін оның бәрін жұмыс тобының талқылауына шығарамыз. Талқылау да қызу болады, себебі әр партияның әртүрлі ұстанымы болуы мүмкін.
Жұмыс тобында қазір алты партияның фракция жетекшілері қатысып отыр. Алты партияның ұстанымы әртүрлі. Мысалы, бір партия «мажоритарлық сайлау жүйесін мәслихаттар деңгейінен де алып тастайық» дейді. Басынан солай талап етіп келе жатыр. Біз оларға «оны сақтаймыз» деп отырмыз. Әртүрлі көзқарас бар.
Тамара Вааль, «Власть»:
– 160-170 депутат болады десек, шақырылғандарды есептемегенде Парламенттің екі залына сонша депутат сия ма?
– Біз реформаларды ғимараттың сыйымдылына қарай жүргізіп отырған жоқпыз ғой!?
– Депутаттар саны көбейсе, ғимарат бұзылып, жөнделуі мүмкін бе, сонда?
Шешімді біз әбден ойластырып қабылдаймыз, тіпті депутаттар саны сияқты мәселе де мұқият қаралуы керек. Алдымен әртүрлі елдің тәжірибесін және олар қолданатын тәсілдерді жан-жақты зерттейміз. Сол зерттеулер нәтижесінде қай тәсілдің Қазақстанға әлдеқайда тиімді екені анықталады. Сарапшылардың ұсынған нұсқасы тексеріліп, одан кейін жұмыс тобына енгізіледі.
Жоғарыда айтқанымдай, депутаттар мен комитеттер санынан бөлек, заң жобаларын қарау тәртібі (регламент) туралы да нақты шешім қабылдануы тиіс. Жұмыс тобы шеңберінде әр норма мұқият қаралып, талқыланған соң ғана Конституцияға енгізілетін түзетулер пакеті құрастырылады. Сондықтан бұл процес ұзақ уақыт пен мұқият дайындықты талап етеді.
– Сол себепті осы жұмысты екі жылда еңсергелі отырсыздар ма?
– Иә, меніңше, бұл өз алдына өте маңызды жайт. Біз бұл реформаларды асығыс ұсынып, талқылап, қабылдап жатқан жоқпыз. Керісінше, бұл үрдіс жан-жақты дайындық пен сараптаманы қамтиды. Осы реформаның өзі және оның іске асу барысы елдегі құқықтық және саяси мәдениеттің артуына сеп болады. Өйткені бұл іске азаматтардың өздері де тікелей қатысады. Сарапшыларды шақырып, алда атқарылатын жұмыстың ауқымын түсіндіргенде олар да таң қалғандарын жасырмайды – «бізді қаншама көлемді әрі күрделі жұмыс күтіп тұр екен» дейді. Менің ойымша, солай болуы да керек.
Армангүл Тоқтамұрат, Qazaqstan ұлттық арнасы:
– Партияларды тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізіле ме? Мәселен, партия мүшелеріне сан жағынан қойылатын шектеу азаюы мүмкін бе немесе жаңа партиялардың құрылуына кеңірек мүмкіндік беріле ме? Әлде, керісінше, партиялар ірілену бағытына бет ала ма?
– Менің ойымша, партиялардың қызметіне қатысты негізгі реформалар мен жаңашылдықтар бұған дейін-ақ іске асқан. Президент Республика күніне арналған құттықтау сөзінде алдағы реформаны еске сала отырып, бұл өзгерістерге біз жүйелі дайындықпен келгенімізді атап өтті. Шын мәнінде, 2019 жылдан бері біз сайлау туралы заңнамаға, партиялар туралы заңға және басқа да бірқатар маңызды актілерге елеулі түзетулер енгіздік. Енді олардың барлығы өзара байланысып, біртұтас саяси жүйені құрап отыр.
Мысалы, сол кезде біз саяси партиялардың сайлау шегінедәуір төмендеттік, тіркеу рәсімін жеңілдеттік. Сондай-ақ, маңызды жаңалықтардың бірі – парламенттік оппозиция институтының енгізілуі болды. Енді өзін азшылық партиясы ретінде жариялаған саяси күш парламент комитеттерінің бірін басқаруға өз кандидатын ұсыну құқығына ие. Бұл құқық заң жүзінде кепілдендірілген. Сонымен қатар, олар екі комитет хатшысының қызметіне өз өкілдерін тағайындай алады, бірнеше үкіметтік сағат пен парламенттік тыңдаулар өткізуге бастамашы болу мүмкіндігіне ие.
Бұл нормалар қабылданғаннан бері партиялар оларды тәжірибе жүзінде меңгеріп, қолдана бастады. Енді сол жинақталған тәжірибе мен құқықтық база бір палаталы парламенттің қызметінде жалғасын табады.
Яғни, партиялардың өз өкілеттіктерін тиімді пайдалануына, әртүрлі регламенттік тетіктер мен рәсімдерді еркін қолдануына мүмкіндік беретін барлық негіздер бұрыннан жасалып қойған. Партиялар осы механизмдерді игеріп үлгерді. Енді басты мақсат – Парламенттің жаңа құрылым аясында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
– Жаңадан құрылған партиялар Парламентке кіруі мүмкін бе?
– Ол бізге қойылатын сұрақ емес. Бастамашыл топтарға, осындай партия құрғысы келетін азаматтарға байланысты. Мүмкіндігінше, барлық рәсімдер жеңілдетілді. Партияға мүше болуы тиіс азаматтардың саны қысқарды. Бұрын аймақтарда сол партияларға жақтаушылардың белгілі бір саны міндетті болатын. Барлық жағынан рәсімдер жеңілдетілді.
Ерболат Мұхамеджан, «Уәде»:
– Әлеуметтік желілерде осы реформаларды өте жақсы қабылдағандар болды. Бұл бұрынғы – 2022-2023 жылы жасалған реформалардың жалғасы ма? Әлде бұл жоспарлы түрде болды ма? Себебі қоғамда айтылып жүргенімен, Сенаттың тарайтынын, Мәжілістің күшейетінін ешкім күткен жоқ. Бірақ сарапшылардың аузымен, Мәжілісте болсын айтылып жүрді. Бұл жоспарлы реформаның жалғасы ма?
– Логикалық тұрғыдан иә, соның жалғасы. Өзара байланысы бар. Яғни, біздің жасап отырған саяси қадамдарымыз – 2019, 2020, 2021, 2022, 2023 жылы, әр жылы белгілі бір саяси бастамаларды көтеріп, оларды жүзеге асырып келдік. Бұлардың бәрі әрине, өзара байланысты. Біз міндетті түрде сол жағына қарап отырмыз. Кезең-кезеңімен әрбір элементті орнықтырып, бір-біріне жалғап, қосып келе жатырмыз. Яғни, бір-біріне қатысы жоқ, қисынсыз реформалар болса, ең қауіпті жол – сол болар еді. Сондықтан әрине, саяси бағытта жасалып жатқан барлық қадамдар – мазмұны, ішкі логикасы тұрғысынан өзара байланысты. Бірақ біз белгілі бір реформаны реформа үшін ғана емес, бірінші кезекте функционалдық қажеттілік тұрғысынан қарастырамыз. Алдын ала бәрін жоспарлап қойды деп те айтуға болмайды. Ойда жоқ келдік те демейміз. Бәрін мұқият қарадық. Партиялардың қазір бірпалаталы Парламент аясында жұмыс істеуіне қабілеті де, мүмкіндігі де жететіні, қоғамның ішінде сұраныс пен талаптың бар екенін, саяси мәдениеттің көтерілгенін көріп отырмыз. Қазіргі саяси мәдениетті бес-алты, жеті жыл бұрынғымен салыстыруға болмайды. Жиынтығында қосыла келе реформаны бізге осы кезеңде көтеруге, осы уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Билік, мемлекет жүйесі толығымен институционалдық тұрғыдан да, қоғамдық әлеует тұрғысынан да жаңа қадамдарға дайын.
– Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қызметі алдағы уақытта қандай форматта жалғасады? Бағыттарға бөліне ме? Әлде бір комиссия ретінде жұмыс істей ме?
– Бірінші отырыс 14 қазанда өтті. Мемлекет басшысы бірінші отырысты өзі жүргізді. Содан кейін әріптестермен былай келістік: барлық жұмыс тобы мүшелеріне бір ай уақыт беріледі. Сол уақыт ішінде Парламенттік реформа бойынша әрбір норма, әрбір мәселе бойынша өз ұсыныстарын әкеледі. Бір айдың өзі аз да, көп те емес. Әрбірі реформаларды өз деңгейінде пысықтап, бізге өз ұсыныстарын жіберуі керек. Екі апта өтті, тағы екі апта бар. Бір айдан кейін толық ұсыныстар жиналғаннан кейін ұсыныстардың бәрін реттеп, жүйелейміз. Ұсыныстардың бәрін зерттеп, реттеу үшін бізге кемі бір апта керек болады. Артынша бәрін реттеп, жүйелейміз.
Кейбір ұсыныстар Парламенттің ішкі регламентіне қатысты болуы мүмкін. Кейбірі депутаттардың өкілдіктеріне қатысты болуы ықтимал. Келіп түскен ұсыныстардың бәрін біз бағыттар бойынша жүктеп, іріктейміз. Содан соң қарашаның соңы – желтоқсанның басында жиналамыз да, кезең-кезеңмен әрбір мәселені талқылаймыз. Парламенттік реформа бойынша талқыланатын мәселелердің ретін дайындап қойдық. Бәрін рет-ретімен талқылаймыз. Сондықтан, қазір жұмыс тобы ішкі жұмыстармен айналысып жатыр. Әрқайсысы өз ұсыныстарын береді.
Одан басқа eOtinish, eGov арқылы да келіп жатқан ұсыныстарды да қараймыз. Жұмыс тобының отырысы шамамен екі немесе бір жарым айда бір рет өткізіліп отыратын шығар. Әрбір отырыста қаралатын мәселелерді сарапшылармен пысықтап отыруымыз керек.
Абай Сейфолла, Abay Life:
– Парламенттің жаңа шақырылымынан кейін артынша Президент сайлауы болады. Соған байланысты әртүрлі пікір айтылып жатыр. Конституциядағы 40 бапты ауыстырамыз десек, Парламент деген бөлімі қайта жазылады. Президент туралы бөліміне ол қалай әсерін тигізеді? Президент пен Парламенттің құзіреттері шамамен қалай бөлінуі мүмкін?
– Парламенттік реформа басталғаннан кейін ең алдымен біз Конституциядағы Парламентке қатысты баптарды қараймыз. Сәйкесінше, екінші кезеңде Президент, Үкіметке қатысты бөлімдерге кірісе бастаймыз. Мысалы, Президент пен Парламент қалай өзара әрекеттеседі? Кейбір мемлекеттік органдардың басшыларын тағайындауда, кадрлық мәселеде, аудиторлық палатаның құрамын анықтағанда. Яғни, міндетті түрде Президент пен Үкіметке қатысты баптарға да белгілі бір редакцияны енгізуге, өзара сәйкестендіруді талап етеді. Тіпті сөздер де өзгереді. Мәселен, бұрынғы Сенат және Мәжіліс деген сөздердің орнына – Парламент деген мысалы сөз болады.
Парламенттің өкілеттігі әрине, едәуір күшейеді. Біріншіден, бұл – бір палаталы Парламент. Үкімет заң жобасын талқылау үшін бірінші Мәжіліске, содан кейін Сенатқа барады. Ал енді ол құжаттарды бір палаталы Парламентте талқылау қажет болады. Яғни, осы институттар арасындағы ойын ережесі едәуір өзгереді.
Тамара Вааль, «Власть»:
– Бірақ біз толыққанды Парламенттік республика болмаймыз ғой?
Жоқ. Президент Парламенттік реформа туралы айтылғанда әр кезде арнайылап «алдағы Парламенттік реформа әлбетте, Парламенттің құзіреті мен абыройын арттыратынын, алайда Қазақстан президенттік республика болып қалатынын» айтып отырады.
– Бұрынғы, қазіргі немесе болашақ президенттерге парламент спикері лауазымына үміткер болу құқығы беріле ме? Жалпы, осындай сұрақтар талқылануы мүмкін бе?
– Қазіргі жастардың тілімен айтқанда, «спойлер» жасамайын. Өйткені бізді парламенттік реформаның әлі бірнеше кезеңі күтіп тұр. Конституцияға сәйкес, келесі парламент сайлауы 2028 жылы өтеді. Қолданыстағы Мәжілістің өкілеттігі 2028 жылдың наурызында аяқталады, ал жаңа сайлау 2027 жылдың қазанынан бұрын жарияланбайды.
Демек, алда реформаларды жан-жақты талқылау, әзірлеу және жүзеге асыру кезеңдері бар ұзақ процес тұр. Барлық мәселе бойынша нақты шешім қабылданған соң, референдум аясында қоғамдық талқылау өтеді. Ал референдумнан кейін Конституцияның жаңартылған нормаларына сәйкес Президент туралы, Парламент туралы және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіледі.
Жалпы алғанда, бұл шамамен 10 заң мен 10-ға жуық кодекске түзету енгізуді талап етеді. Яғни, алда өте ауқымды және күрделі заңнамалық жұмыс күтіп тұр.