
Кейінгі кезде мұғалімдер мен мектеп басшылары «әлеуметтік желіде отырмай, білім саласына көбірек маңыз беруі керек» деген пікір жиі айтыла бастады. «Білім саласында желіде кім белсенді?» деген кезде әуелі жұртшылық танымал Астанадағы мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазаны біледі. Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры өзі қатарлы мұғалімдерге айтылған осы сынға қалай қарайтынын айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Елордадағы №58 мектеп-гимназиясында биыл 14 бала «алтын белгіге» үміткер. «Алтын белгіні» былтыр алты бала қорғаса, биыл 8 балаға көбейген. Екі оқушы қызыл аттестатқа үміткер. Ақмоншақ Нұртаза әуелі білім саласындағы осы көрсеткіш үшін қуанатынын, гимназияның білім сапасын арттыру үшін барын салатынын айтады.
«Менің тикток түсіріп, контент түсіріп жүргендегі мақсатым – ең бірінші кезекте баланың мектепке қызығушылығын арттыру, баламен бір толқында болу, олардың үнін есту, олардың жалпы мектепке, ұстазға деген көзқарасын өзгерту. Креативті шығармашылық тұрғысынан аламыз. Енді мен ондай сындарды көп естіп жатамын. Бірақ ол білімді ысырып қойып, тек қана тикток түсіру деген сөз емес. Мысалы біз тиктокпен 30 секунд биді түсіретін болсақ, ол көп болса 5 минут алады. Үзіліс уақытында немесе балалар кетіп бара жатқандағы сәттер. Оның менің негізгі жұмысыма, кестеме кедергісі тиді деп айта алмаймын», – дейді мектеп директоры.
Ақмоншақ Нұртаза үміткерлердің барлығы дерлік «алтын белгіні» қорғап қалатынын атап өтеді. Контенттердің арқасында мектептегі іс-шараларға демеушілер табылып жатыр. Негізгі ұстаным әр баланың жаңа қырын ашу дейді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» жобасының аясында 30 балаға лагерьге тегін жолдама берілді. Ол да сол блоктың арқасы деп ойлаймын. Сол блоктың арқасында мұғалімдеріміз тегін курстар өтіп жатыр. Тегін әртүрлі мектепке жабдықтар, жиһаздар сыйлау деген сияқты нәрселер болып жатыр. Сондықтан бұл блокты жеке бастың пайдасы деп айтуға келмейді. Осы оқушылар үшін деп бастаған едім алғашында. Сол жүзеге асып жатыр», – дейді ол.
5 қарашада республикалық директорлар арасында педагогикалық хакатон өтеді. №58 мектеп-гимназия сол іс-шараны ұйымдастырып жатыр. Желідегі белсенділіктің арқасында демеушілер шығып, Есілдің сол жағалауындағы үлкен конференц залда өткізуге мүмкіндік туған. Хакатонның екінші бөлімі мектепте өтеді.
«Тәжірибе алмасу алаңы ретінде өткізгелі отырмыз. Республиканың әр жерінен директорлар келеді. 70 шақты директор жарысады. Өздерінің мәселе, сұрақтарын көтереді. Соның шешу жолын ұсынады», – дейді Ақмоншақ Нұртаза.
Мектеп директоры өзіне айтылған сындарды қысым деп емес, түсініспеушілік деп қабылдайды. Ең бастысы, оқушыларға сапалы білім беруді мақсат тұтып, желідегі белсенділікті мектептің игілігіне жұмсауды мақсат етіп отыр.