Қытаймен шекара түбінде мыңдаған вагон тұр – ҚТЖ экспортты азайтты
Қазақстан теміржолшылары Қытай тарапын шекарадағы тексерістерді созып, пойыздарды өткізу қарқынын төмендетіп жіберді деп айыптауда, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ТЕКСЕРІС ҚАНШАҒА СОЗЫЛАДЫ
«Қазақстан темір жолы» компаниясы мәліметінше, Қытай Алтынкөл өткізу бекеті арқылы пойыздарды қабылдау көлемін тәулігіне 14-тен 10-ға дейін төмендетті. Ал кей күндері бұл көрсеткіш алтыға дейін қысқарған. Соның салдарынан шекара маңында шамамен үш мың вагон жиналып қалған. Олардың ішінде экспорттық және транзиттік жүктер, сондай-ақ астық та бар.
«ҚХР уәкілетті органдары астық өнімдерін күшейтілген тексерістен өткізуде. Оған қоса, Үрімші мен Бейжіңдегі зертханадан сынамалар да алынды. Бұл тексеріс 5-10 тәулік аралығында жалғасады», – деп хабарлады ҚТЖ өкілдері.
БҰЛ БІРІНШІ ШЕКТЕУ ЕМЕС
Инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуіне байланысты компания астық тиелген контейнерлік пойыздарды тәулігіне үш құрамға дейін қабылдауды шектеді. ҚТЖ бұл қадамды «мәжбүрлі және уақытша шара» деп сипаттап, оны Қытай инфрақұрылымының өткізу қабілетіне сәйкестендіру үшін қажет деп түсіндірді.
Қытай тарапы бұған дейін де қазақстандық астық импортына шектеу қойған болатын. Негізгі себептер ретінде фитосанитарлық талаптардың күшеюі, бондтық аймақтарға астық кіргізуге тыйым салу және кедендік баждың 65 пайызға дейін өсуі аталған еді. Соның кесірінен бидай тиелген вагондар кері қайтарылып, шығындар жіберуші тараптар мойнына түскен.