Илон Маск Уикипедияның баламасын іске қосты
Инженер әрі миллиардер Илон Маск ресми түрде Grokipedia атты жаңа онлайн-энциклопедиясын іске қосты, деп хабарлайды Tizgin.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
МИЛЛИОНДАҒАН МАҚАЛА БАР
Business Insider басылымы ақпаратынша, кәсіпкер бұл жобаны «Википедияға балама» деп атап, оны «қолданыстағы энциклопедияларға қарағанда айтарлықтай жетілдірілген нұсқа» деп сипаттады.
Жобаның іске қосылған сәтінде Grokipedia.com сайтында 885 279 мақала болды. Бірақ алғашқы пайдаланушылар платформада түрлі техникалық ақау бар екенін хабарлауда. Жаңа ресурстың дизайны Википедияға ұқсас, тек түс гаммасы күңгірт, ал әріптері ChatGPT интерфейсіне келеді. Басты бетінде жобаның v0.1 нұсқасында екені көрсетілген.
Википедия деректеріне сүйенсек, ағылшын тіліндегі нұсқасында қазірдің өзінде 7 миллионнан астам мақала бар. Бұл көрсеткіш Grokipedia алдында ауқымды міндет тұрғанын айқын көрсетеді.
Маск бұған дейін бірнеше рет Википедияны сынға алған. Ол бұл платформаны саяси бейтараптық ұстанбайды, солшыл көзқарасқа бейім деп айыптаған. 2022 жылдың желтоқсанында ол Википедияда «елеулі солшыл бағыт байқалады» деп мәлімдесе, 2019 жылы Twitter (қазіргі X) желісінде өз парақшасын сынға алып, оны «миллиард түзету енгізілген шайқас алаңы» деп сипаттаған.
УЭЙЛС ПЕН МАСК АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСПЕУШІЛІК
Маск пен Википедияның тең құрылтайшысы Джимми Уэйлс арасындағы келіспеушілік те әлі бітпеді. Уэйлс Grokipedia жобасының сәтті болуына күмән келтіріп, жасанды интеллектінің тілдік модельдері толық жетілмегендіктен қате көп болатынын айтты.
Сөйтіп Grokipedia платформасы іске қосылғалы бірден сынға ұшырады. Мәселен, сайттағы Маск туралы бетте «АҚШ-тың бұрынғы президенттікке үміткері Вивек Рамасвами Маск кеткеннен кейін DOGE жобасында жетекші рөлге ие болды» деген дерек келтірілген. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Маск өзінің xAI компаниясы әзірлеген жасанды интеллектке негізделген Grok чат-ботын пайдаланып, «адамзат білімінің тұтас қорын қайта жазуды» жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол Grokipedia арқылы толық емес немесе бұрмаланған деректерді түзетіп, жетіспейтін ақпаратты толықтыруды көздейді.
Алайда сарапшылар жаңа платформаның дәлдігі мен сенімділігіне күмән келтіріп отыр.