Ұлттық банк өкілдері ВТБ Банкі (Қазақстан) арқылы төлем жасау кезінде клиенттерде қиындықтар туындаса, көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНЕ ӘСЕР ЕТЕ МЕ
Қазақстан Ұлттық банкі Төрағасының бірінші орынбасары Ерулан Жамаубаев Еуропалық одақтың ВТБ Банкінің қазақстандық еншілес құрылымына қатысты енгізген санкцияларына пікір білдіріп, төлемдер бойынша қиындықтар туындаған жағдайда клиенттерге қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Ресейге қарсы қабылданған шаралар аясындағы Еуропалық одақтың 19-шы санкциялық пакетіне ВТБ Банкі (Қазақстан) да енгізілді. Қаржы институты ЕО-ның Украинадағы Ресей әрекеттеріне байланысты жариялаған ресми құжатында аталған. Еуропалық тарап банкке Ресейге қарсы енгізілген шектеулерді айналып өтуге қатысы бар деген айып тағуда.
Жамаубаевтың сөзінше, «ВТБ Қазақстан» бұрыннан-ақ белгілі бір санкциялық шектеулермен жұмыс істеп келген.
Сондықтан бұл жағдай жалпы қаржы жүйесіне елеулі әсер етпейді. Қаржы секторы тұрақты жұмыс істеп тұр, алаңдауға негіз жоқ», – деді Жамаубаев Сенат кулуарында.
Оның сөзінше, Ұлттық банк сарапшылары қазіргі ахуалды егжей-тегжейлі зерттеп, банктің қанша клиентіне санкциялар әсер етуі мүмкін екенін және олардың қызмет көрсету сапасына ықпалын бағалайды.
«Бір жағынан, банк клиенттері зардап шекпеуі тиіс, екінші жағынан – біз елдегі шаруашылық субъектілерінің де жағдайын ескеруіміз қажет. Егер төлемдер немесе аударымдар бойынша расында қиындықтар туындаса, көмектесеміз», – деді ол.
ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ НЕ
Жамаубаев әр азаматтың өз қаржысын қай банкте сақтау керектігін таңдауға құқы бар екенін еске салды. Сонымен бірге, депозиттерді кепілдендіру жүйесі кез келген банк қиындыққа тап болған жағдайда клиенттер қаражатының сақталуын қамтамасыз етеді.
ВТБ карталарының жұмысына қатысты сұраққа жауап берген ол Ұлттық банк барлық тәуекелдерді үнемі бақылап отыратынын, қажет болған жағдайда төлем жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға дайын екенін айтты.
«Біздің басты міндетіміз – клиенттер мен бизнес мүддесін қорғау. Егер төлемдер мен аударымдарда кідіріс немесе шектеулер болса, мемлекет қолдау көрсетеді», – деді Жамаубаев.
Сонымен қатар, ол банктің тұрақтылығы тек депозит көлеміне ғана емес, капитал мен акционерлер қаражатының деңгейіне де байланысты екенін атап өтті. Сондықтан қазірдің өзінде банкроттық туралы болжам жасау ерте екенін айтты.
Жамаубаевтың айтуынша, санкциялық қысым мәселесі бүгін ғана емес, соңғы үш жыл бойы байқалып келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстандағы банктер мен өзге де экономикалық құрылымдар мемлекет тарапынан қатаң бақылауда, ал үкімет елге екінші деңгейлі санкциялар қаупінің төнбеуін қамтамасыз етуге күш салып келеді.