$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЕрекшеОқиға

Батыс Қазақстанда жарылған дронның тағы бір видеосы тарады (ВИДЕО)

Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Кеңтүбек ауылдық округіне қарайтын Бақтыарал ауылының жергілікті тұрғыны Tizgin.kz порталына бүгін облыс аумағында жарылған дронның видеосын жіберді. Жандос есімді жігіт бүгін таңертең 08:30 шамасында ұшып бара жатқан дронды ұялы телефонының камерасына түсіріп алған.

“Таңертең мал жайғап жүргенмін. Бір уақытта дырылдаған дыбысты естідім. Қорадан шыға салып, ұялы телефонымды қостым. Сыртынан қарасам, кіп-кішкентай ұшақ секілді екен. Ағаларыма айтсам, олар “ұшып бара жатқан Кукурузник ұшағы шығар” дейді. Бірақ дронның осылай дырылдап ұшатынын бұрын видеолардан көріп едім. Көп өтпей Қызылтал ауылының маңында сол дронның жарылғанын естідім”, – дейді Жандос.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Батыс Қазақстан облысының Бөрілі ауданындағы Қызылтал ауылының маңында белгісіз дрон жарылған еді. Куәгерлердің айтуынша, ауылдағы үйлердің шатырлары ұшып кете жаздаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, дрон айтарлықтай қуатты жарылғыш затпен ұшқан. Бұған оқиға орнында пайда болған үлкен шұңқыр дәлел. Қазір оқиға орнында аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар департаменті және полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр.

«Бөрілі ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының (дронның) сынықтарына ұқсас заттардың табылуына байланысты тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған нысан елді мекен аумағынан тыс жерден табылған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — деп хабарлайды полиция.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button