АҚШ “Лукойл” мен “Роснефтке” санкция салды
АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің «бейбіт келіссөздер жүргізуге шынайы қызығушылық танытпауы» себепті, ең ірі екі мұнай компаниясына қосымша санкциялар енгізді, деп хабарлайды Tizgin.kz Dw.com-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі 22 қазан, сәрсенбі күні кешке хабарлады.
«Президент Путиннің бұл мағынасыз соғысты тоқтатудан бас тартқанын ескере отырып, Қаржы министрлігі Кремльдің әскери машинасын қаржыландырып отырған екі ірі ресейлік мұнай компаниясына қарсы санкциялар енгізеді. Яғни, бұл “Роснефть” пен “Лукойл”», – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.
Бессент бұған дейін журналистерге берген мәлімдемесінде Вашингтонның Ресейге қарсы санкцияларды едәуір күшейтуге дайындалып жатқанын айтқан еді.
Сонымен қатар, АҚШ Қаржы министрлігі «Президент Трамптың Ресейдің соғысын тоқтатуға бағытталған күш-жігерін қолдау мақсатында қосымша шаралар қабылдауға дайын» екенін мәлімдеді және өздерінің «одақтастарын бұл санкцияларды сақтауға және оларға қосылуға» шақырды.
ТІЗІМДЕ 30-ДАН АСТАМ РЕСЕЙЛІК КОМПАНИЯ БАР
Баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, санкцияға «Роснефть» пен «Лукойлдың» Ресей аумағында тіркелген 34 еншілес компаниясы да енгізілді. Оның ішінде, 28 компания – «Роснефтьке», ал алтауы – «Лукойлға» тиесілі.
«Бүгін қабылданған шаралар нәтижесінде аталған немесе бұғатталған тұлғалар мен ұйымдардың АҚШ аумағындағы барлық активі мен мүдделері, сондай-ақ америкалық азаматтар мен компаниялар бақылауындағы активтері бұғатталады. Одан бөлек, олар туралы OFAC-қа хабарлануы тиіс», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге, бұғатталған адамдарға 50 пайыздан артық үлеспен тиесілі кез келген заңды тұлғалардың қызметіне де шектеу қойылады. Бұл талаптарды бұзған АҚШ азаматтары мен шетелдік тұлғаларға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
ҰЛЫБРИТАНИЯ ДА «РОСНЕФТЬ» ПЕН «ЛУКОЙЛҒА» САНКЦИЯ САЛҒАН
Ресейдің Украинаға қарсы соғысы төртінші жылға созылды. Жуыта, яғни 15 қазанда Ұлыбритания билігі де «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар енгізген болатын. Сол күні барлығы 90 жаңа шектеу шарасы жарияланған.
Құжатқа сәйкес, санкциялар бұл компаниялардың активтерін тоқтата тұруды, сондай-ақ трасттық қызметтер мен көлік операцияларына шектеу енгізуді көздейді.
«Роснефтьке» қатысты жекелей шектеулер бекітілді. Соған тиесілі немесе оның басқаруындағы кемелер Ұлыбритания порттарына кіре алмайды, ал компаниямен байланысты әуе кемелеріне британдық әуе кеңістігі арқылы ұшуға немесе ел аумағына қонуға тыйым салынды. Санкциялар ресейлік компаниялармен әріптестік орнатқан шетелдік серіктестерге де әсер етті.
ЕУРООДАҚ БЕКІТКЕН САНКЦИЯ ПАКЕТЫ
22 қазан күні кешке Еуроодақ елдерінің тұрақты өкілдері Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы үшін 19-пакет санкцияны бірауыздан мақұлдады. Бұл шешім Брюссельде өтетін Еуропалық кеңес отырысы қарсаңында қабылданды.
Мәскеуге қарсы жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдері тарапынан бірауыздан мақұлданды. Соңғы сәттерде санкция бойынша қарсылығын Словакия алып тастады. Бұған дейін Австрия да шектеу пакетін бұғаттамайтынын мәлімдеген еді. Күні кеше Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуропалық кеңес отырысына кешігетінін хабарлап, өз дауысын Словакия үкімет басшысы Роберт Фицоға сеніп тапсырғаны белгілі болды.
19-шы санкциялық пакетке Ресейден сұйытылған табиғи газды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толықтай импорттауға тыйым салу енгізілді. Одан тыс, «көлеңкелі флот» құрамындағы кемелердің тізімі кеңейтілді. Сондай-ақ, санкциялар аясында Ресейдің энергетикалық ресурстарын айналып өтіп сатуға көмектесетін, оның ішінде криптовалюта арқылы операция жүргізетін үшінші елдердегі компаниялар да қамтылады. Жаңа шектеулер «Роснефть» пен «Газпром нефтьпен» кез келген мәмілеге тыйым салып, ресейлік мұнайдың бағасын төмендетуге бағытталған.