ЕрекшеЖаңалықтар

Талғат Шаяхметов жаңа қызметке тағайындалды

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен полиция полковнигі Талғат Шаяхметов Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЕҢБЕК ӨТІЛІ ҚАНДАЙ

Аталған ақпаратпен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бөлісті.

«Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың бұйрығымен полиция полковнигі Талғат Шаяхметов Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды», – делінген бейсенбі күні таратылған хабарламада.

Шаяхметов ішкі істер органдарында 27 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол қылмыстық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік салаларында мол тәжірибе жинаған. Әр жылдары түрлі басшылық лауазымды атқарған. Нақтысында, ІІМ ӨҚД бастығының орынбасары, өңірлік полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ жаңа тағайындауға дейін ІІМ Қылмыстық полиция департаменті бастығының орынбасары болған.

Жаңа басшыны жеке құрамға таныстыру барысында министр Ержан Сәденов бірқатар басым бағытты айқындап, қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтардың алдын алу жүйесін түбегейлі қайта қараудың маңызын атап өтті.

«Профилактикалық жұмысты күшейтіп, офицерлік жиналыстардың әлеуетін толық пайдалану қажет. Бұл – қызметкерлердің мінез-құлқын адал әрі принципті тұрғыда бағалауға, қажет болған жағдайда қоғамдық айыптауға мүмкіндік беретін маңызды құрал», – деді министр.

“ОПАСЫЗДАРДАН УАҚТЫЛЫ ҚҰТЫЛУ КЕРЕК”

Сәденов, сонымен қатар, антқа опасыздық жасағандардан «кейін болатын кеселді күтпестен, дер кезінде арылу қажеттігін» ерекше атап өтті.

“Полицей мен құқықбұзушылық – үйлеспейтін ұғымдар. Біз бұған ешқандай жағдайда төзімділік таныта алмаймыз”, – деді Ержан Сәденов.

Министр резонансты оқиғалар кезінде жеке жауапкершілік тек тікелей басшыларға ғана емес, өзіндік қауіпсіздік бөлімшелеріне де жүктелетінін еске салды.

«Барлығымыз – сіз де, мен де – қызметтің өткеніне, бүгіні мен болашағына жауаптымыз. Барлық міндет адалдықпен, әділдікпен және ар-ожданмен ымырасыз орындалуы тиіс», – деп түйіндеді Ержан Сәденов.

Back to top button