Нұра ауданы тұрғыны 17 жылқыны атып өлтірген: іс дауға ұласты

Қарағанды облысының Нұра ауданында 17 жылқыны атып өлтірді деп айыпталған ауыл тұрғынын жергілікті фермерлер қорғап отыр. Екі ауылдық округтің шаруалары кейінгі жылдары киіктермен ғана емес, өзге ауылдардың жылқыларымен де күресуге мәжбүр болып жүргендерін айтып шағымданды, деп хабарлайды «31 арна».
«Менің шеткі алқаптарым – 700 гектар. Сол жерден бар болғаны 4 центнер өнім алдым. Ал биылғы өнімділік бойынша шамамен 14 центнер жинауым керек еді. Осы жылқылардың кесірінен мен шамамен 70 миллион теңге жоғалттым», – деді шаруа қожалығының басшысы Герман Ли.
Фермерлердің айтуынша, көрші малшының шамамен 500 жылқысы бар – соның 200-і өзінікі, қалғаны ауданның түкпір-түкпірінен әкелінген. Алайда жайылым 70 басқа ғана есептелген, сондықтан жылқылар өзгенің егіс алқаптарына кіріп кетеді.
Астық өсірушілердің пікірінше, жылқы иелері табыншылар ұстап, малды тәулік бойы бақылауда ұстауы тиіс. Ал малшылардың ойынша, жер иелері алқаптарын қоршап, мал кірмеу үшін арнайы қарауыл қоюы керек. Әкімдіктегілердің айтуынша, егер бұл мәселенің оңай шешімі болса, мұндай дау тумас еді.