Мұның алдында тараған ақпараттарда АҚШ президенті Дональд Трамп Будапештте өтетін саммит аясында Кремль басшысымен кездесуі тиіс делінген еді. Енді олай болмайтын түрі бар. “Неге?” деп қойылған сұраққа Трамп “пайдасыз кездесудің қажеті жоқ” екенін айтып, жағдайдың алдағы екі күн ішінде нақтыланатынын жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz dw.com-ға сілтеме жасап.
Дереккөзде нақты не делінді? АҚШ президенті Дональд Трамп Венгрияда Ресей басшысы Владимир Путинмен өтеді деп жоспарланған саммиттің не себепті кейінге шегерілгенін түсіндірді.
“Мен үшін мән-мағынасы жоқ кездесулердің қажеті жоқ”, – деді Трамп 22 қазанға қараған түні (еуропалық уақытпен) Ақ үйде журналист сұрағына жауап бере отырып. – “Уақытымды босқа жұмсағым келмейді, сондықтан не боларын күтейік”, – деп қосты ол
АҚШ президентінің айтуынша, Кремль басшысымен жүздесу туралы нақты шешім алдағы екі күн ішінде қабылданады.
16 қазанда Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен соң, арада апта өткеннен кейін (20–26 қазан аралығында) АҚШ пен Ресей делегациялары арасында келіссөздер өтетінін мәлімдеді. Америкалық делегацияны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио басқарады.
Трамптың айтуынша, бұл келіссөздерден кейін ол өзі Ресей президентімен Венгрия астанасында жеке кездеседі.
ЕКЕУАРА КЕЗДЕСУ ТОҚТАТЫЛДЫ
Бірқатар журналист пен бұқаралық ақпарат құралдары Ақ үйдегі анонимді дереккөзге сүйене отырып, АҚШ пен Ресей президенттерінің Будапешттегі кездесуі жақын арада өтпейтінін хабарлады. АҚШ тарапы дайындықты тоқтатқан.
Мәселен, NBC арнасының тілшісі Гаррет Хааке Х әлеуметтік желілердің бірінде “Будапешттегі Трамп пен Путин саммитіне дайындық уақытша тоқтатылған” деп жазды. Оның айтуынша, Ақ үйдегі анонимді жоғары лауазымды шенеунік екі тараптың келіссөзге жеткілікті дәрежеде дайын еместігін алға тартқан.
Reuters және AFP агенттіктері де Ақ үйдің анонимді өкіліне сілтеме жасай отырып, Трамп пен Путиннің жақын арада кездесетін нақты жоспары жоқ екенін растады.
Олардың ақпаратынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та жеке кездесу өткізуді жоспарлап отырған жоқ.
ДОНБАСТЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ ТАЛАП
17 қазанда Ақ үйде Дональд Трамп пен Владимир Зеленский кездескен болатын. Кейінірек Трамп қақтығысты қазіргі майдан шебінде тоқтату қажет екенін мәлімдеді.
Ал 21 қазанда AFP агенттігі аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды украин шенеунігіне сілтеме жасап, Трамптың Зеленскийге бүкіл Донбастан бас тартуды талап еткенін хабарлады. Дереккөз аталған кездесуді “қатқыл және шиеленісті” сипатта өтті деп бағалаған.
Өз кезегінде, сол күні Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік журналистерге Путин мен Трамптың Аляскадағы келіссөздерінен кейін Ресейдің Украинаға қатысты ұстанымы өзгермегенін мәлімдеді.
Бұған дейін Financial Times газеті Батыс пен Украинадағы сегіз дереккөзге сілтеме жасай отырып, Путиннің АҚШ-тың санкцияларды жұмсарту ұсынысын қабылдамай, оның орнына Украинаның әлі басып алынбаған шығыс аймақтарын беруді талап еткенін жазған болатын.