Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ресейге қарсы арнайы трибунал құру бастамасына ЕО-ға мүше 27 елдің 26-сы қолдау білдіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Anhor.uz-ға сілтеме жасап.
ШЫҒЫНДАР ЕСЕПТЕЛІП ЖАТЫР
«Еуроодақ құрамындағы 26 мемлекет өздеріне осы трибуналға қатысу міндеттемесін алды», – деді Каллас. Оның айтуынша, енді Брюссель қатысушы елдерден, соның ішінде Нидерландтан, кететін шығындар сметасын күтеді. Осыдан кейін жоба аясындағы жұмыстар жалғасын табады.
МӘСКЕУ МҰНЫ МОЙЫНДАМАЙТЫНЫН МӘЛІМДЕДІ
Аталған арнайы трибунал құру туралы бастаманы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен 2022 жылы, соғыс басталғалы аз уақыт өткен соң ұсынған болатын. Жоғарыда аталған құрылым Еуропа Кеңесі аясында құрылмақ, ал Кеңес өз кезегінде жобаны іске асыруға дайын екенін білдірген.
Алайда Мәскеу бұл трибуналды заңды деп мойындамайтынын ашық мәлімдеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков аталған бастаманы «біржақты әрі конструктивті емес» деп бағалап, оның авторлары «шынайы жағдайды елемей отыр» деген пікір білдірді.