“Тұтынушылар күрт көбейді”: Елде интернет тарифы біршама қымбаттағалы тұр
Үкіметтегі жиын барысында ұялы байланыс операторлары Қазақстанда тарифтердің қымбаттайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
НЕЛІКТЕН ҚЫМБАТТАДЫ?
Tele2/Altel (Mobile Telecom Service) басқарма төрағасы Александр Бабичевтың айтуынша, тарифтерді көтеру бірінші кезекте елдегі интернет тұтыну көлемінің күрт өсуімен байланысты. Бұл сұранысты қанағаттандыру үшін ауқымды инфрақұрылым қажет.
«Операторлар тарифтерді өз білгенінше көтеріп жатқан жоқ. Тарифтік жоспарларды қайта қарауға мәжбүр етіп отырған басты себеп сол, интернет қызметтеріне сұраныстың тұрақты өсуі мен оған ілесе алмай жатқан инфрақұрылымның дамуы. Сондықтан байланыс операторлары инфрақұрылымға бұрынғыдан да көп инвестиция салуға мәжбүр», — деді Бабичев.
Компанияның 2026 жылға арналған қаржылық болжамдарына салық саясатының өзгерістері, соның ішінде ҚҚС мөлшерінің артуы, инфляциялық күтулер, валюта бағамы мен инвестициялық бағдарламалар кіреді. Бабичевтің айтуынша, тарифтер 15-20 пайызға дейін өсуі мүмкін.
ТАРИФ ҚАЙТА ҚАРАЛАТЫН ЖАҒДАЙ
Ал Kcell компаниясында тарифтерді қайта қарау тек экономикалық негіздеме болған жағдайда ғана жүзеге асатынын атап өтті.
«Тарифтердің көтерілуі нақты шығындарға негізделуі тиіс. Егер жалға алу бағасы, валюта бағамы секілді факторларда елеулі өзгерістер болса, компания тарифтерді қайта қарауға мәжбүр болады», — деді Kcell басқарма төрағасы әрі CEO Асқар Жамбакин.
Ол сондай-ақ, өткен жылы компания тарифтерді көтермегенін және әлеуметтік топтарға арналған пакеттерге қол сұғылмағанын еске салды. Дегенмен, қазір нақты қаншаға қымбаттайтыны туралы айтуға әлі ерте екенін, есептеулер жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин де алдағы баға өсімін растады.
«Біз тарифтерді жылына бір реттен артық көтермейміз. Келесі жылы бәрімізді ҚҚС мөлшерінің өсуі күтіп тұр. Ал бұл салаға 35-40 миллиард теңге көлемінде ықпал ететін маңызды фактор. Баға өзгерісін қаңтар айына жоспарлап отырмыз. Биылғы бағаның өсуін клиенттер сезіне қоймас. Бірақ 2025 жылдың басында 15-20 пайыз шамасында өсім болуы мүмкін», — деді ол.