Еуропалық Одақ кеңесі Ресейден газ импортынан кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі шешімді мақұлдады, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
КЕЙБІР ИМПОРТҚА ЖЕҢІЛДІКТЕР БАР
Ұсынылған регламент Ресейден құбыр арқылы тасымалданатын және сұйытылған табиғи газды импорттауға кезең-кезеңімен тыйым салуды заң жүзінде міндеттейді. Бұл шектеу 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық күшіне енеді.
Ресей газын импорттауға 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тыйым салынады, алайда қолданыстағы келісімшарттар үшін өтпелі кезең қарастырылған. Нақты айтсақ, 2025 жылдың 17 маусымына дейін жасалған қысқамерзімді келісімшарттар 2026 жылдың 17 маусымына дейін жарамды. Ал ұзақмерзімді келісімдер 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін күшінде қала бермек.
Қолданыстағы келісімшартқа өзгеріс енгізу тек техникалық сипаттағы нақты өндірістік мақсаттар үшін ғана рұқсат етіледі. Оған қоса, бұл өзгерістерден соң жеткізу көлемі артып кетпеуі тиіс. Тек жеткізу бағыттары өзгерісінен зардап шеккен әрі теңізге тікелей шыға алмайтын елдерге арнайы шарттар қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Еуроодақ кеңесі ресейлік емес газ импортын жеңілдету мақсатында кедендік рәсімдерді оңайлату жөнінде шешім қабылдады. Жаңа ережелер бойынша құжаттар оңтайландырылып, газды ЕО аумағына жеткізу процесі жеңілдейді.
ГАЗ РЕСЕЙДЕН ЖЕТКІЗІЛСЕ, ҚАТАҢ ТАЛАПТАР САҚТАЛАДЫ
Ресейлік емес газ импорты үшін енді кедендік аумаққа кірер алдында ғана қажетті ақпарат ұсынылса жеткілікті. Ал Ресейден жеткізілетін газ үшін өтпелі кезеңде қатаң талаптар сақталады: келісімшарт күні, мерзімі, жеткізілім көлемі және кез келген өзгеріс туралы толық мәлімет ұсынылуы тиіс.
Кеңес импортталатын екі категориядағы газға алдын ала рұқсат беру тәртібін енгізді. Ресей газына және өтпелі кезеңге жататын импортқа қатысты ақпаратты әкелерден кемінде бір ай бұрын ұсыну қажет. Ал Ресейге тиесілі емес газ үшін растау енгізерден бес күн бұрын берілуі тиіс.
Бұған қоса, аралас құрамдағы сұйытылған газ (ресейлік және ресейлік емес) бойынша құжаттарда қоспаның нақты үлесі көрсетілуі тиіс. Тек Ресейге қатысы жоқ газға ғана ЕО аумағына кіруге рұқсат беріледі.
Әкімшілік жүктемені азайту үшін ЕО-ға мүше елдер жаңа регламент талаптарына сай келетін елдерден келетін импортқа алдын ала рұқсат рәсімін қолданбауға келісті. Осыған байланысты Еуропалық комиссия регламент күшіне енген сәттен бастап бес күн ішінде осындай елдердің тізімін дайындауы тиіс.
Кеңеске төрағалық етуші мемлекет Еуропарламент өз ұстанымын қабылдаған соң, регламенттің түпкілікті мәтінін келісу үшін онымен келіссөздер бастайды.