ЕрекшеЭкономика

Орынбордағы газ зауытына жасалған соққы Қазақстанға қалай әсер етеді

Украинаның БПЛА шабуылынан кейін Орынбордағы газ өңдейтін зауыттың бір цехы жанып кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ДРОНДАР ШАБУЫЛЫ

Украина Қарулы күштерінің ұшқышсыз аппараттары (БПЛА) Ресейдің отын-энергетика кешеніне тиесілі тағы екі нысанға соққы берді. Салдарынан Орынбор газ өңдеу зауытының инфрақұрылымы ішінара зақымданды. Бұл туралы 19 қазан, жексенбі күні Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцев хабарлады.

«БПЛА соққысынан кейін зауыттың бір цехында өрт шықты», — деді ол.

Оқиға салдарын жоюға барлық төтенше қызметтер, оның ішінде ТЖМ өрт сөндіру жасақтары мен Орынбор облысының төтенше жағдайларды жою жүйесі жұмылдырылған. Зауыт қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ, елді мекенге де қауіп төнбеген, деп жазды Солнцев.

NASA FIRMS сервисі өртті сұйытылған көмірсутек газын бөлу торабы маңынан және цистерналары бар құрам жанынан тіркеген. Зауытта пропан, бутан және газды бензин өндіріледі, оның бір бөлігі экспортқа шығарылады немесе «Газпром переработка» компаниясының өз қажетіне пайдаланылады.

Бұл зауыт – әлемдегі ең ірі газ-химия кешендерінің бірі. Ол жылына 15 млрд м³ шикі газ өңдеп, 7,5 млн м³ гелий өндіре алады, деп жазады Neftegaz.RU басылымы. Орынбор қаласы Ресей мен Украина шекарасынан 1500 шақырымнан астам қашықта орналасқан.

Оқиғадан кейін облыс аумағында әуе кеңістігіне шектеу енгізілді. Кейін «Ковер» жоспарының күші жойылып, Орынбор әуежайы қалыпты жұмыс режиміне оралды.

РЕСЕЙ ҚАРАШЫҒАНАҚ ГАЗЫН ҚАБЫЛДАУДЫ ТОҚТАТТЫ

Орынбор газ өңдеу зауытындағы (ГӨЗ) төтенше жағдайға байланысты ұшқышсыз аппарат шабуылынан кейін кәсіпорын уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл жағдай Қазақстанның Қарашығанақ кен орнына тікелей әсер етті, себебі зауыт шикі газ қабылдауды да уақытша доғарған.

Қазақстанның Энергетика министрлігі «Газпромның» мәліметі бойынша, зауыттың зақымдану сипаты мен жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша ақпарат ресейлік тараптан әлі берілмеген.

“Қазақстанның газбен қамтамасыз етілуі зардап шеккен жоқ. Газ ішкі тұтынушыларға қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жеткізілуде. Қарашығанақ шикізатын өңдеу және мұнай өндіруге ықтимал әсері мәселелері кен пайдаланушыларымен бірлесіп қаралуда. Шығындар мен алдағы шаралар туралы қосымша хабарланады. Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, ресейлік тарап және кен орны операторларымен тұрақты байланыста”, – делінген ресми түсініктемеде.

ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ

Бұл ақпарат тарағаннан кейін қазақстандық медиа кеңістікте түрлі болжамдар пайда болды. Атап айтқанда, кейбір деректерде Орынбор зауытында қазақстандық газ өңделетіні және қазіргі жағдайдың Қазақстанға да әсер етуі мүмкін екені айтылды.

Энергетика саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов бұл мәселеге былай түсініктеме берді (сарапшының Telegram-арнасындағы пікірінен сөзбе-сөз келтіріледі):

«Орынбор газ-химия кешені – жылдық қуаты 35 млрд м³-ден асатын, әлемдегі ең ірі жұмыс істеп тұрған ГӨЗ.

Қарашығанақтан шығарылған шикі газ осы Орынбор ГӨЗ-де өңделеді, кейін дайын газ қайтадан Қазақстан нарығына жеткізіледі.

“ҚазРосГаз” (ҚМГ мен “Газпромның” бірлескен кәсіпорны) жыл сайын КПО-дан шамамен 8 млрд м³ шикі газды 1000 м³ үшін 20 долларға сатып алады, оны ОГӨЗ-ге жеткізіп, өңдеу үшін ақы төлейді, ал кейін оны QazaqGaz компаниясына шамамен 60 доллардан қайта сатады (дерлік өзіндік құнмен).

“ҚазМұнайГаз”-дың “ҚазРосГаз”-дағы үлесі QazaqGaz-ға сенімгерлік басқаруға берілген. Сонда “ҚазРосГаз” қайдан пайда табады? Негізінен СУГ (пропан-бутан) мен газ конденсатын сатудан. Жақында КПО-дан шикі газды сатып алу бағасы қайта қаралып (көтерілген), ОГӨЗ-ге газ жеткізу жөнінде 20 жылдан астам мерзімге ұзақмерзімді келісім жасалды.

Бір анығы — QazaqGaz үшін газдың өзіндік бағасы өседі». Telegram-арна @NRG_monitor жазғандай, бұл пост «өз газымызды арзанға сатып, қымбатқа қайта сатып аламыз» дейтін пікір иелеріне арналған.

«Орынборға жыл сайын небәрі 8–9 млрд м³ газ жеткізіледі, ал жер қойнауына қайта айдалатын көлем одан екі есе көп. Үш жылдан бері қуаты 4 млрд м³ болатын отандық газ өңдеу зауытын салу мәселесі талқыланып келеді, бірақ нақты шешім әлі жоқ. Егер Орынбор ГӨЗ шикі газ қабылдауды ұзақ мерзімге шектесе — бәлкім, акционерлер өз ГӨЗ салуға бел буар ма еді? Жаңа Қарашығанақ ГӨЗ-дегі өңдеу құны қанша болатынын нақты білмеймін. Бірақ Кашаганның жаңа ГӨЗ-дерінде өңдеу бағасы 1000 м³ үшін 130 доллар деп бағаланған — бұл Қарашығанақтағы тауарлық газдың өзіндік құнынан екі есе жоғары.

Инвесторларға Орынборға газ жеткізу әлдеқайда тиімді, өйткені жаңа ГӨЗ салу шамамен 5 млрд долларға түспек. Алайда Украина шабуылы Орынбор зауытының осал тұстарын айқын көрсетті. Айта кетсек, Украина 2025 жылдың қаңтарынан бастап Орынбор газын өткізуін тоқтатқан болатын».

Back to top button