ЕрекшеЖаңалықтар

Нұрбол Назарбаевқа қарсы арыз бойынша тергеу қайта басталды

Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың бұрынғы әрекеттерін тексеру жөнінде бұған дейін екі депутат – Ермұрат Бапи пен Ринат Зайыт бастама көтеріп, Бас прокурорға сауал жолдаған еді. Оларға берген жауабында Берік Асылов Қуат Ерментаевтың арызы бойынша қосымша тергеу бастағалғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

АСЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Бас прокурордың хабарлауынша, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қуат Ерментаевқа тиесілі «PORUS» ЖШС-ның жарғылық капиталының 16% үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша тергеп-тексеруді жүргізген (ҚК-нің 249-бабының 1-бөлігі). Оның нəтижесі бойынша қылмыстық іс 22.02.2024 ж. қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. 

“Кейін сотқа дейінгі іс жүргізу материалдарын зерделеу қорытындысы бойынша жəне К. Ерментаев келтірген дəлелдерді ескере отырып, 09.10.2025 жылы бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды. Қазір Алматы қаласы бойынша ЭТД келтірілген фактілерді жан-жақты жəне объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу əрекеттерін жүргізуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында”, – делінген жауапта.

Ермұрат Бапи Бас прокурорға жолдаған сауалында “Нұрбол Назарбаев жасаған зорлықтан араша сұрап, рейдерлік жолмен тартып алынған бизнесін қайтарып беруді өтінген қарағандылық Қуат Ерментаев деген азаматтан тағы да өтініш түсті. Бұл жігіт сол рейдерлік шабуылдан кейін, барлық мүлкінен айырылып, тақырға отырып қалған” деп мәлімдеген еді.

Еске сала кетейік, жақында Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды сұрап, арыз түсіргені бұған дейін хабарланған болатын.

Back to top button