ЕрекшеСпорт

Роналду 2025 жылдың ең бай футболшысы атанды

Португалиялық атақты футболшы Криштиану Роналду Forbes журналының нұсқасы бойынша 2025 жылы әлемдегі ең мол табыс тапқан футболшы атанды. Ол осы маусымда барлығы 280 миллион доллар табыс тапқан, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

“ПАЙДАМ ТИІП ЖҮР”

Бұл соманың 230 миллионын Роналду Сауд Арабиясының Al Nassr клубынан алса, қалған 50 миллионы Nike, Binance және Herbalife сынды брендтермен жасалған жарнамалық келісімшарттардан түскен.

Жасы 40-қа  келсе де, Роналду футболдағы мансабын аяқтауға асығар емес. УЕФА Ұлттар лигасында Португалия құрамасымен жеңіске жеткен соң және Al Nassr-мен келісімшарты аяқталғаннан кейін де, ол спорттан кететіні жөніндегі алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарып, клубпен екі жылдық келісімге қол қойған.

Командам мен ұлттық құрамаға әлі де пайдам тиіп жүр. Ендеше, жалғастыруға не кедергі бар? – деді Роналду Португалияның Canal 11 телеарнасына берген сұхбатында.

Осы табысының арқасында Роналду соңғы онжылдықта алтыншы рет Forbes рейтингісінде көш бастады. Жалпы алғанда, 2025-2026 маусымында әлемдегі ең жоғары табысқа ие он футболшы 945 миллион доллар тапқан.

Екінші орынды Inter Miami клубының шабуылшысы Лионель Месси (130 миллион доллар) иеленсе, үшінші орын Al Ittihad-тың форварды Карим Бенземаға бұйырды. Оның табысы 104 миллион долларды құраған.

Бестікті Real Madrid-тің шабуылшысы Килиан Мбаппе (95 млн доллар) мен Manchester City-дің жұлдызы Эрлинг Холанд (80 млн доллар) түйіндеп тұр.

ТІЗІМДЕ ЯМАЛЬ ДА БАР

Тізімде алғаш рет 18 жастағы Barcelona ойыншысы Ламине Ямаль және 22 жастағы Real Madrid-тің жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем де бар. Олар жаңа буын өкілдері ретінде рейтингке енген.

Мамандар пікірінше, қазір әлемдік футболда буын алмасу жүріп жатыр. Рейтингке енген футболшылардың жартысы 30-дан төмен, ал тізімдегі ойыншылардың орташа жасы соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейге жеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Bloomberg Роналдудың жеке капиталын 1,4 миллиард долларға бағалап, оны әлемдегі алғашқы футболшы-миллиардер деп атаған болатын.

Сондай-ақ Forbes биылғы мамыр айында Роналдудың 2024 жылдың мамыры мен 2025 жылдың мамыры аралығында 275 миллион доллар тапқанын және оны әлемдегі ең жоғары табыс табатын спортшы ретінде танығанын хабарлаған.

Back to top button