Жыл басынан бері Қазақстан азаматтарына мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер ретінде 555 миллиард теңгеден астам қаржы төленді. Бұл сома республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бөлінді, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
ҚАНША АДАМ ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАДЫ
Әуелде бұл ақпаратен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бөлісті. Олардың мәліметінше, аталған мақсаттарға республикалық бюджеттен 488,5 миллиард теңге, ал МӘСҚ тарапынан қосымша 66,8 миллиард теңге бөлінген.
1 қазандағы жағдайға сәйкес 544 мың адамның мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, 155,9 мыңға жуық адамның асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақы алып отырғандары анықталды.
“Мүгедектікке байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына, себептеріне және сол жылы республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі”, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Ал асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақы мөлшері асырап отырған адамдар санына, асыраушының қайтыс болу себебіне және заңмен белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі.
ҚОСЫМША ТӨЛЕМДЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында әлеуметтік тәуекелдер туындаса МӘСҚ тарапынан қосымша төлемдер қарастырылған. Мәселен, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес, еңбекке қабілеттілігінен айырылғаны үшін – 98 мың адам, асыраушысынан айырылғаны үшін – 66,5 мың отбасы қосымша төлем алған.
“Мұндай әлеуметтік төлемдер мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Ол соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттіліктен айрылу дәрежесіне, асырауындағы адамдар санына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Маңыздысы сол, бұл төлемдер республикалық бюджеттен тағайындалатын жәрдемақыларға қосымша ретінде төленеді”, – деп нақтылады министрлік.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі 6,5%-ға ұлғайтылды. Дәл осындай өсім МӘСҚ тарапынан төленетін әлеуметтік төлемдерге де қатысты.
Осы жылы жалпы ауру негізіндегі мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері:
- І топ – 101 702 теңге,
- ІІ топ – 81 362 теңге,
- ІІІ топ – 55 474 теңге.
МӘСҚ тарапынан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері мынадай: еңбекке қабілеттіліктен айырылғандар үшін – 72 087 теңге,
асыраушысынан айырылғандар үшін – 75 064 теңге.