Биыл қыс жайлы бола ма
«Қазгидромет» РМК 2025 жылдың қарашасы мен 2026 жылдың наурызы аралығындағы маусымдық ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қарашада Қазақстанның басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауады. Оңтүстік пен оңтүстік-батыста да жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Елдің солтүстігінде, орталығы мен шығысында екпінді жел, боран, көктайғақ пен тұман жиілеуі мүмкін.
ТЕМПЕРАТУРА КҮРТ ҚҰБЫЛАДЫ
- Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі температура +5 градустан -20 градусқа дейін, күндіз +10-нан -15 градусқа дейін ауытқиды;
- Оңтүстік пен оңтүстік-батыста түнде -3 пен +7 градус аралығында, ал күндіз +1-ден +18 градусқа дейін жылы болады.
Жалпы, қараша айында ауа температурасы ел аумағында климаттық нормадан бір градус жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері республика бойынша қалыпты деңгейде болады, батыс пен солтүстік-шығыста аздап артық болуы ықтимал.
ҚЫС ҚАНДАЙ БОЛМАҚ
Алдағы қыс мезгілі негізінен “жұмсақ”, бірақ арасында тосын мінезін көрсетіп тұрады. Алайда кей кездері қалың қар жауып, боран ұйытқып, екпінді жел, көктайғақ пен тұман күтіледі.
Желтоқсан айында көптеген өңірде ауа температурасы климаттық нормадан аспайды. Солтүстік-батыс жартысында – нормадан 1° жоғары, ал солтүстік-шығыстың шеткі бөлігінде – 1° төмен болады деп болжануда.
ЖАУЫН КӨП ЖАУА МА
- елдің басым бөлігінде – нормаға жуық;
- орталықта, шығыс аймақтардың басым бөлігінде, солтүстіктің оңтүстік жартысы мен оңтүстіктің шеткі солтүстігінде – нормадан аз болуы мүмкін.
Қаңтарда ауа температурасы республика аумағының көп бөлігінде нормаға жуық болады, ал шығыс өңірлерде – 1° төмен.
Жауын-шашын:
елдің басым бөлігінде – нормаға жуық;
оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы, тау бөктеріндегі өңірлерінде – нормадан көп.
Ақпан айы бойы республиканың барлық өңірінде орташа температура нормадан 1–2 градус жоғары болады. Жауын-шашын көлемі – климаттық норманың шегінде.
Ал наурызда температура барлық аймақта норма көрсеткішінен 1 градус жоғары болады деп күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері:
- елдің басым бөлігінде – нормаға жуық;
- оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы, тау бөктері аймақтарда – нормадан көп;
- батыс өңірлердің көп бөлігінде – нормадан аз.