ЕрекшеСпорт

Футбол клубтарының тізгінін мемлекет миллиардерлерге ұстатады

Президент тапсырма бергеннен кейін Үкімет Қазақстандағы барлық футбол клубын жедел арада жекешелендіріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірге әкімдерді тарта отырып, футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша өңірлердегі және республикадағы әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізген.

“Осы жұмыстар шеңберінде «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жар» ФК сатып алу мүмкіндігін қарастыруда, Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтер» ФК үшін стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытты. Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» ФК сатып алуды және Астанада футбол инфрақұрылымын салуды көздеп отыр. Қызылордалық әлеуетті инвестор «TAU GROUP LTD» (Ислам Козбаков) «Қайсар» ФК сатып алуды жоспарлауда. Сонымен қатар «Тараз» ФК, «Елімай» ФК және «Иртыш» ФК футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесулер жүргізілді”, – дейді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Жалпы футбол клубтарын жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жаңартылған. Бүгінгі күні қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданған.

Қазір әкімдіктер жыл сайын жергілікті бюджеттен футболды дамытуға және өңірлердегі кәсіпқой клубтарға қаражат бөліп келеді. 2025 жылы футболды дамытуға 34,9 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған, оның ішінде 31,8 млрд теңгесі кәсіпқой футбол клубтарын (Премьер-лига және Бірінші лига клубтары) қолдауға, ал 3,1 млрд теңге балалар мен бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.

Аудиторлар оларды тексергенде 100-ден аса заңбұзушылық (қаржының мақсатсыз жұмсалуы, артық төлемдер, қайталанатын қызметтер мен тиімсіз жоспарлау деректері) тіркелген. 2025 жылы «Ақтөбе» футбол клубына (Ақтөбе облысы) қатысты облыстық
прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде 250 млн теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалғаны (ойыншыларға ішкі ережелерсіз сыйақы мен бонустар төлеу, мердігер ұйымдармен шарттар бойынша қызмет бағасын арттыру) анықталған.

ФУТБОЛҒА БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев футбол клубтарын тезірек жекешелендіріп, осыған дейін бөлінген қаражатқа аудит жүргізуді талап еткен еді. Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. Мысалы, 2025 жылы премьер-лигада доп тебетін «Ордабасы» футбол клубына 3,2 миллиард теңге бөлінген. «Ақтөбе» футбол клубына 2,1 миллиард теңге, «Қызыл-Жар» клубына 2 миллиард теңге берілген. Жалпы ПремьерЛигада ойнайтын футбол клубының бәрі бюджеттен ақша алады. Ал «Астана» футбол клубы «Самұрық-Қазынадан» 2025 жылға 5,3 миллиард теңге алған. Бұл мәліметтер депутаттың сөзінше, уәкілетті органнан алынған.

Back to top button