ГеосаясатЕрекше

«Украина үшін үлкен соғыс басталмайды»: Трамп Зеленскиймен, артынша Путинмен кездеседі

Дональд Трамп Владимир Путинмен алдағы екі апта ішінде Будапештте кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті «Еуропаға көмектесіп, көп адамның өмірін сақтап қалу» үшін Украинадағы соғысты тоқтатуға тырысып жатыр, деп хабарлайды DW.

АҚШ президенті Дональд Трамп 16 қазан күні Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысының жаһандық қақтығысқа ұласуына жол бермейтінін мәлімдеді.

«Меніңше, мұның арты үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келер еді. Бірақ олай болмайды», — деді Трамп.

Қазіргі АҚШ президенті Украинадағы ауқымды соғыстың басталу себебін өзінен бұрынғы басшы Джо Байденнің қате саясаты деп атады.

«Украина әрдайым Путиннің назарында болды, бірақ ол ешқашан мұндай қадамға бармас еді (менің президенттік мерзімімде. – ред.). Бұл кейбір өте сәтсіз шешімдердің қабылдануынан туындады», — деді Ақ үй басшысы.

Ол президент қызметіне кіріскен кезде бұл мәселе бойынша «толық бейберекеттік» тапқанын атап өтті.

Трамптың айтуынша, ол Украинадағы соғысты тоқтатуға адамдардың «өмірін аман сақтау үшін» ғана тырысып жатыр.

«Мен мұны өзіміз үшін істеп отырған жоқпын. Біз Еуропадан мұхит арқылы бөлініп жатырмыз. Мұны Еуропаға көмектесу үшін де істеп отырмын. Олар соғыстың аяқталғанын қалайды, бірақ оған қол жеткізе алмай отыр. Ал мен қол жеткізе аламын. Меніңше, біз табысқа жетеміз, көптеген өмірді сақтап қаламыз. Мұны істеу керек», — деді АҚШ президенті.

ТРАМП ПУТИНМЕН ТАҒЫ КЕЗДЕСЕДІ

Сол баспасөз мәслихатында Ақ үй басшысы Владимир Путинмен кездесу Будапештте «шамамен екі апта ішінде» өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осының алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуді жоспарлап отыр. Трамптың сөзінше, Ресеймен келіссөздерге АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф та қатысады.

Ақ үй басшысы Путин мен Зеленский арасындағы қарым-қатынасты «өте нашар» деп атап, бұл жағдай олардың бірлескен кездесуін ұйымдастыруға кедергі келтіріп отырғанын айтты. Сондай-ақ Трамп Ресей президентімен Украинаға америкалық Tomahawk алыс қашықтықтағы зымырандарын жеткізу мүмкіндігін талқылағанын және мұндай перспектива Путинге «мүлде ұнамағанын» мәлімдеді.

ТРАМПТЫҢ ЗЕЛЕНСКИЙМЕН КЕЗДЕСУІ

17 қазанда АҚШ-қа келген Украина президенті Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың кездесуі жоспарланған. Кездесуде, соның ішінде, АҚШ президенті бірнеше күн бұрын айтқан Украинаға америкалық Tomahawk алыс қашықтықтағы зымырандарын беру мүмкіндігі талқылануы күтіледі. Зеленскийдің айтуынша, егер Украина бұл зымырандарды алса, оларды тек әскери нысандарға қарсы қолданады.

16 қазанда Трамп Путинмен екі сағат телефон арқылы сөйлескеннен кейін екі ел басшыларының Будапештте кездесуге келіскенін хабарлады. АҚШ президенті әңгіме барысында «үлкен ілгерілеушілікке» қол жеткізілгенін және оның нәтижелерін 17 қазанда Зеленскиймен талқылайтынын айтты. Өз кезегінде Украина басшысы Telegram желісінде: «Москва “Томагавктар” туралы естіген сәттен бастап диалогты қайта бастауға асығып отыр» деп жазды.

Back to top button