ЕрекшеТергеу

Қаза болған сарбаздың анасы кінәлілерді табуды талап етіп жатыр

Астанадағы Ұлттық ұлан қатарында жұмбақ жағдайда көз жұмған сарбаз Қайсар Сұлтановтың анасы мен олардың заңгері істі «кісі өлтіру» бабы бойынша қайта тергеуді және қылмысты жасыруға қатысы бар адамдарға іс қозғауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.

“БҰЛ СУИЦИД ЕМЕС”

«Қайсар Ұлттық ұланға шақыртылып, арада үш ай өткен соң ұлымды өлтіріп кетті. Қайтыс болардан бір күн бұрын мен оны демалысқа алып шықтым. Көңіл-күйі жақсы, бәрі дұрыс еді. Ол әскери борышын өтеп жүріп жұмбақ жағдайда қаза тапты. Іс үш мәрте жабылды. Тергеу суицид жасағанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ ұсынбады. Олар шындықты анықтауға мүлде мүдделі емес. Мен өз бетімше тергеуді бастадым, жеке сараптамалар жасаттық. Бірінші рет атылған оқтан кейін оның бас сүйегі жан-жаққа шашылған. Ол алты минуттан кейін қалайша екінші рет оқ атады? Барлық бейнежазба жойылып кеткен. Сосын видеоға қатысты сараптама жасаттым. Сараптама қорытындысы: диск форматталған, оған өзгерістер енгізілген. Осылайша  дәлелдерді әдейі жойды деп топшылаймын. Менің ойым, Қайсар бір жағдайдың куәсі болғандықтан оны көзін жойды. Бұл суицид емес. Әдейі жасалған қылмыс, оны әлі күнге дейін жасырып отыр. Әскерде мен сияқты аналар көп, бәріміз шындық іздеп шырылдаймыз. Өз елімізде өмір сүріп отырып, әділдік таба алмай келеміз. Егер әскерге министрлер мен шенеуніктердің балалары жіберілсе, бұл бассыздық баяғыда тоқтаған болар еді. Қылмыстарды “суицид” деп бүркемелеуге жол бермеуіміз керек. Мен шындық ашылғанша тоқтамаймын», – деді Қайсар Сұлтановтың анасы Сауле Тлеубергенова Құқық қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз конференциясында.

21 жастағы Қайсар Сұлтанов 2023 жылы Қарағандыдағы жоғары оқу орнын бітіріп, заңгер болуды жоспарлаған. Теміртауда тұрып жатты. Әскерге шақырылып, Астанадағы Ұлттық ұланның №6636 әскери бөліміне қабылданған. Алайда үш айдан кейін ажал құшты.

Ресми дерекке сенсек, Қайсар Сұлтановтың өлімі «өз-өзіне қол жұмсау» деп танылып, іс тоқтатылған.

Алайда анасының бірнеше рет шағымдануынан кейін іс қайта қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Бірақ марқұмның туыстары істің қайта жабылып қала ма деп қауіптенеді.

«Біз биліктен, жоғары тұрған органдар мен Бас прокуратурадан бұл іске басқаша қарауды сұраймыз. Адам өз-өзіне екі рет оқ ата алмайды. Сараптамалар мен қорытындылар мұның суицид емес екенін дәлелдеп тұр. Алты минут айырмашылықпен екі рет атылған оқ бар. Ал сол алты минут ішінде әскерде оның жанына ешкімнің келмеуі мүмкін емес. Демек, бұл – қылмыстың ізін жасыру. Енді осы сараптама негізінде тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша қайта басталуы керек. Біз Қайсарды өлтірген адамды табуды талап етеміз. Сонымен қатар дәлелдерді жойған, істі қолдан жапқан адамдар да жауапқа тартылуы тиіс. Қайсардың қанын сүрткен, видеоны өшірген, айғақтарды бұрмалағандар бар», – деді марқұмның отбасы атынан сөйлеген заңгер Инга Иманбай.

АЛТЫ МИНУТТА ЕКІ ОҚ АТЫЛДЫ

Баспасөз мәслихатында Қайсар Сұлтановтың басына алты минут айырмашылықпен екі рет оқ атылғаны айтылды. Тәуелсіз нейрохирургиялық және сот-медициналық сараптамалар оның бірінші оқтан кейін-ақ тірі қалуы мүмкін еместігін нақтылаған. Шара барысында тәуелсіз сараптама нәтижелері, фото және бейнематериалдар ұсынылды.

Еске салайық, биыл қаңтар айында КазТАГ агенттігі Ұлттық ұланда көз жұмған теміртаулық сарбаздың анасы ұлының өліміне қатысты тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етіп, бейнеүндеу жасағанын хабарлаған болатын.

Бұған дейін ресми органдар 2024 жылғы 9 қазанда №6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Қайсар Сұлтанов әскери қалашықты күзететін кезекші топ құрамында борышын өтеп жүріп, түнде бекетте тұрғанда «басынан алған оқ жарақаты» салдарынан өлі табылғанын мәлімдеген. Әрі қарай ақпарат “жариялауға жатпайды” деп берілген жоқ.

Back to top button