Ерекше

Тізімде Сраилов пен Байжанов бар. Қазақстанда қанша адам рақымшылыққа ілікті?

Әуелде 15,1 мыңнан астам адам рақымшылыққа ілігеді деп күтілген болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық аясында 1770 сотталушы бостандыққа шықты. Ішкі істер министрлігінің Informburo.kz сұраухатына берген жауабында осылай деп жазылды.

Жалпы рақымшылыққа 6517 адам іліккен. Соның 135-і – әйелдер. Бұған қоса, 2240 адамның жазалау мерзімі қысқартылды. Пробация қызметінің бақылауында тұрған 2507 адам жазасын өтеуден босатылған.

Айта кету керек, бастапқыда рақымшылық шарасы 15,1 мыңнан астам адамды қамтиды деп күтілген еді. Оның ішінде 4100 адам қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылуы тиіс болатын, ал 11 мыңға жуық сотталушының жаза мерзімі қысқарады деп болжанған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бостандыққа шыққан адамдардың қоғамға қайта бейімделуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып атқарылады және бұрын сотталғандар өмірінің барлық маңызды саласын қамтиды. Қажет болса, оларға медициналық, заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіліп, жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі. Қиын жағдайға тап болғандар үшін бейімдеу орталықтарынан орын ұсынылады, – делінген Ішкі істер министрлігі мәліметінде.

Президент 23 маусымда рақымшылық туралы заңға қол қойған болатын. Ал 1 қазанда ІІМ оның аяқталғанын ресми түрде хабарлап, рақымшылыққа іліккендерге пробациялық бақылау сақталатынын атап өтті.

РАҚЫМШЫЛЫҚҚА ІЛІККЕНДЕР:

  • Бахытжан Байжанов – Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша сотталған. Жаза мерзімі 8 ай 8 күнге қысқартылған.
  • Астана қаласындағы жол апатына себепкер болған автобус жүргізушісі, оқиға салдарынан баланың екі аяғын ампутациялауға тура келген. Қылмыстық іс тоқтатылған.
  • Аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін сотталған білім беру орталығының директоры. Жаза мерзімі 7 жылдан 5 жыл 6 ай 6 күнге дейін қысқартылған.
  • ҰҚК майоры Айдос Сраилов, Шымкент қаласындағы атышулы сыбайлас жемқорлық пен бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша айыпталды. Сот оны 1 жылға бостандығын шектеуге үкім шығарғанымен, жазасын өтемейтін болды.
Back to top button