Ақтау қаласының бір топ тұрғыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, жұмыс тауып беруді өтінді. Олардың айтуынша, қалалық «Мансап» орталығы жұмыс ұсынған. Алайда ол жұмыстардың бірі уақытша болса, екіншісінің айлығы мардымсыз. Tizgin.kz жұмысшылармен тілдесіп, облыс әкімдігінің де осы мәселе жөнінде ресми хабарламасын алды.
“БАРДЫҚ, ЖАЗДЫҚ – НӘТИЖЕ ЖОҚ”
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының жұмыссыз жүрген азаматтары “біздің ешқандай саяси талабымыз жоқ” дейді.
“Біз сіздің саясатыңызды қолдайтын, еліміздің тұрақтылығы мен дамуы жолындағы еңбегіңізді жоғарғы бағалаймыз. Сіз бастаған реформаларға сенім артып, сіздің бағытыңызды толық қолдаймыз. Біздің тарапымыздан ешқандай саяси талап жоқ, тек жұмыссыздық мәселесіне назар аударуыңызды сұраймыз.
Біз, Ақтау қаласының жұмыссыз жүрген азаматтары, қалада Мансап орталығында тіркеудеміз. Бірақ біз тұрақты жұмыс таба алмай жүрміз. Арамызда осы жұмыспен қамту орталығында айлап-жылдап жүрген азаматтар бар. Қазір Мансап орталығының ұсынатын жұмыстары уақытша немесе айлығы мардымсыз жұмыс орындары. Ақтау қаласының маңындағы ірі компаниялар «Мансап» орталығына бос жұмыс орындарын ұсынбайды. Ақтау қаласының аумағындағы ірі компаниялар Жұмыспен қамту орталығының есебінде тұрған жұмыссыз азаматтардың санын қысқартудың орнына бос жұмыс орындарына адамдарды Еңбек.кз арқылы сырттан немесе Самұрық сияқты сайттар арқылы адамдарды жұмысқа алып отыр”, – дейді олар.
Жиналған азаматтар бүгінгі таңда «Мансап» орталығында 5700 адам тіркеуде тұрғанын айтады. Ақтау қаласының жұмыссыз жүрген азаматтары Маңғыстау облысы әкімдігіне, облыстық жұмыспен қамту орталығына, Ақтау қаласының әкімдігі мен Маңғыстау облысы мәслихатына, прокуратурасына, Мәжіліс депутаттарына, облыстық қоғамдық кеңеске бәріне барған. Бірнеше рет кездесу болған. Ұжымдық хаттарын да жазған. Бірақ ешқандай оң нәтиже жоқ деп хабарлайды.
“Маңғыстау облысында ірі компанияларды аудандарға бөліп, меморандумдарға отырғызған. Бірақ Ақтау қаласы ол меморандумнан тыс қалған. Сондықтан, Ақтау аумағындағы ірі компаниялардан ешқандай вакансия бөлінбей отыр. Біздің көтеріп отырған мәселе – Ақтау маңындағы компаниялардан бос жұмыс орындарын бөлуді сұраймыз. Атап айтқанда, ҚазТрансОйл, МАЭК, Каспий-битум және басқа да Ақтау аумағындағы ірі компаниялардан жұмыс табуды өтінеміз. Біздің талабымыз – Ақтау маңындағы ірі компаниялар Ақтау әкімдігімен де меморандумға отырсын. Бөлінген вакансиялар тікелей Ақтау қаласының Мансап орталығына берілсін. Біздің үміткерлер еш себепсіз жұмысқа орналассын.
Құрметті Президент, осы үндеуді жолдаудан басқа бізде амалымыз қалмады. Біздің осы мәселемізге сіздің тікелей араласуыңызды сұраймыз”, – дейді олар.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Tizgin.kz осы өтініш жөнінде Маңғыстау облысының әкімдігіне хабардасқан Аймақтың баспасөз қызметі 2025 жылы 13 қазанда Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратына Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданының жұмыссыз тұрғындары келгенін хабарлайды Азаматтарды Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Долдашев, сондай-ақ Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасарлары Марат Сейілов пен Талғат Алтынғалиев қабылдады. Кездесу барысында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берілді. Диалогтан кейін жиналғандар тараған.
“Кейінірек «WhatsApp» мессенджерінде және кейбір интернет-ресурстарда Ақтау қаласының жұмыссыз тұрғындарының Мемлекет басшысына жолдаған бейнеүндеуі тарады. Онда олар жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, өңірдегі ірі кәсіпорындарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға қолдау көрсетуді сұраған. Маңғыстау облысының әкімдігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыспен қамту орталықтары арқылы және өңір кәсіпорындарымен жасалған меморандумдар аясында жүйелі жұмыс жүргізілуде”, – делінген жауапта.