Оқиға Газаның шығыс бөлігінде, атысты тоқтату режимі кезінде болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ҚАҚТЫҒЫС БОЛҒАН АЙМАҚТАР
Палестиналық WAFA агенттігі мәліметінше, сейсенбі күні Израиль әскері Газа қаласының шығысындағы Шуджайя ауданында алты палестиналықты атып өлтірген. Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, оның бесеуі – өз үйлерін тексеруге барған бейбіт тұрғындар. Олар израильдік ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар (дрон) соққысына тап болған. Хан-Юнис қаласының шығысындағы әл-Фухари ауданында дрон соққысының салдарынан бір адам қаза тапты, тағы бір адам жараланған.
Сондай-ақ, Газаның солтүстігіндегі Джабалия ауданында орналасқан Халауа босқындар лагеріне жасалған шабуыл кезінде бірнеше адам жарақат алған.
Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) оқ атқандарын растады. Олардың мәліметінше, нысанаға алынған адамдар израильдік сарбаздар шебіне жақындап, атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін Израиль әскері шегінген «сары сызықты» кесіп өткен.
БАҚ-ТА НЕ ЖАЗЫП ЖАТЫР
Израильдік БАҚ мәліметінше, Шуджайя ауданы атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан Израиль әскерінің бақылауында қалған.
Израиль әскері алғашында ескерту ретінде оқ атқанын, алайда күдіктілер әрекетін тоқтатпаған соң әуе соққысы жасалғанын мәлімдеді. ЦАХАЛ бұл әрекет «қатерді жою» мақсатында жасалғанын атап өтті.
Сонымен қатар Израиль тарапы палестиналықтардың израильдік әскери лагерге дейін жетіп, шабуыл жасады деген ақпаратты жоққа шығарды.
ЦАХАЛ Газа секторы тұрғындарын Израиль әскері орналасқан аумақтарға жақындамауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, — делінген Израиль армиясының ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі 10 қазан күні күндіз күшіне енген болатын.
Ал дүйсенбі күні Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында өткен бейбітшілік саммитінде АҚШ, Түркия, Катар және Мысыр басшылары Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойған.