
Үкіметте бүгін инвестиция тарту мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5%-ға артып, 13,8 трлн теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестициялар 7,8%-ға өскен. Қаржы қызметіне жалпы инвестициялар 2 есе, білім беру 1,8 есе, өңдеу өнеркәсібіне 30,7%, ауыл шаруашылығына 21,1%, көлік қызметтеріне 14,8% ұлғайған.
ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ӨСІМ
Инвестициялардың ең жоғары өсімі Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалған. Инвестициялардың төмендеуі Атырау облысында тіркелген.
“Биыл жылдың қаңтар-тамызында сыртқы сауда айналымы 90,1 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 50,2 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 18,1 млрд долларды құрады. Тауарлардың импорты 40,1 млрд доллар. Әлемдік тауар нарықтарындағы төмен бағаларға қарамастан 10 млрд доллардан аса оң сауда балансы сақталады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2%-ға өсті. Бұл ретте қаңтар-тамызбен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа өсудің баяулауы байқалады. Өсім 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсім Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Ақмола облыстарында тіркелді”, – дейді Әмрин.
САЛАЛАРДАҒЫ АХУАЛ
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көлік жасау өндірісінің 14%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 16,8%-ға, тамақ өнімдерінің – 9,8%-ға, химия өнеркәсібінің – 9,6%-ға, мұнай өңдеу өнімдерінің – 7,5%-ға, металл бұйымдарының – 15,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсудің баяулауына металлургиядағы қарқынның 0,3%-ға дейін баяулауы әсер етті. Бұл ретте қара металлургиядағы өндіріс 0,9%-ға төмендеген. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3%-ға өссе, сала құрылымында табиғи газ өндіру 15,2%-ға, мұнай өндіру 13,2%-ға, көмір өндіру 10,4%-ға ұлғайған. Сонымен бірге металл кендерін өндіру 0,3%-ға қысқарғаен. Өсімге қарамастан, құрылыста 9 айдың қорытындысы бойынша қарқынның айтарлықтай баяулауы байқалған. Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 14,9%-ды құрап, 3,2 пайыздық тармаққа баяулаған. Құрылыстың өсімі 17 өңірде тіркелсе, бұл ретте ең жоғары өсім Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында байқалған.
ӘКІМДІКТЕРГЕ КЕҢЕС
Азамат Әмрин тұрақты экономикалық өсуді ұстап тұру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар төмендегі шараларға баса назар аударуы қажет деп есептейді.
- Инфрақұрылым салуға және машина жасауды қолдауға бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды күшейту.
- Инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне қаражат бөлуді жалғастыру
- Осы жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған инвестициялық жобалардың аяқталуын және іске қосылуын қамтамасыз ету
- Күтіліп отырған егінді толық көлемде жинауға жағдай жасау.