
Tizgin.kz оқырман қауымға өмірде өткен және көзі тірі, елге белгілі тұлғалардың естелігін жариялауды бастайды. Біз Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов шағын естелігін оқырман назарына ұсынамыз.
“МЕН БҰЛ ТАҚЫРЫПТЫ ЖАҚСЫ БІЛМЕЙМІН”
Сексенінші жылдардың басында Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуының 250 жылдығы тойланып жатқан кез. Бір күні газет редакторларының бірі Жұмаділовке телефон соғып, осы айтулы мерекеге арнап мақала жазып беруін сұрайды.
— Жазар едім, бірақ мен бұл тақырыпты жақсы білмеймін ғой, — дейді жазушы құлқы соға қоймай.
— Қалайша?! — редактор таңдана қалса керек.
— Мақаланы осы оқиғаның басы-қасында болған жігіттерге жаздырыңыз. Ал менің Ресейге «өз еркіммен» қосылғаныма небәрі жиырма-ақ жыл болды, — депті Қабдеш Жұмаділов.
“ПЛЕБЕЙ БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ”
Қабдеш Жұмаділов ұзақ жыл баспа саласында қызмет атқарған. «Жазушы» баспасында он жыл, мемлекеттік баспалар комитетінде бес жыл. Бірақ өмірі үш кісінің үстінен қарап көрмеген ағамыз «аға редактор» деген басқыштан ары аспапты. Содан бір күні «жазушылық даңқына қызмет дәрежесі сай келмейтін болған соң, бастығына: «Мені өз өтінішім бойынша жұмыстан босатсаңыз екен» деп арыз жазыпты.
Сол кездегі Баспалар комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукенов арызға бірден қол қоя салмай, Қабдешті кабинетіне шақырып жөн сұрайды:
— Қартайып тұрған жоқсың. Қызметтен кеткенің қалай? Әлде бізге өкпең бар ма? — десе керек.
Сонда қалайда қызметтен кетуді ойлаған Қабдеш сөз аяғын әзілге айналдырып:
— Маған бірегей қызмет бермедіңдер, плебей болып менің жүргім келмейді. Сірә, мен осы аға редакторлықтан түсіп қалмай тұрғанда, қызметтегі карьерамды аяқтағаным жөн шығар, — депті.
Сөйтіп, жазушы осылай он жыл бұрын кеңсе қызметімен қоштасып, өзінің жазу үстеліне біржола оралған екен.
ЖАЗУШЫ ЖАЙЛЫ
Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов 2021 жылы 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.