
«Талибан» үкіметі елдің солтүстік шекарасындағы бірнеше таулы аймақта Пәкістан әскеріне соққы бергенін растады, деп хабарлады BBC.
Қаза тапқандардың нақты саны әзірге белгісіз. «Талибан» бұл әрекетті Пәкістанның Ауғанстан әуе кеңістігін бұзып, бейсенбі күні оның аумағындағы базарды бомбалағаннан кейінгі «жауап операциясы» деп атады.
Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви ауған күштерінің шабуылдарын «еш себепсіз» деп атап, оларды бейбіт тұрғындарға оқ атқанымен айыптады. Ол Пәкістан күштері Ауғанстан жағынан келген соққыларға жауап беретінін ескертті.
Исламабад Кабулды Пәкістан аумағында шабуылдар жасайтын террористерді паналатып отыр деп айыптайды. «Талибан» бұл айыптауларды жоққа шығарады. Қақтығыс ауған сыртқы істер министрінің Үндістанға тарихи сапары кезінде өршіп отыр.
BBC дерегінше, екі тарап та Пәкістанның Куррам округінде атыс қаруы мен артиллерия қолданған.
«Талибан» шабуылдарын айыптаған Накви: «Ауған күштерінің бейбіт халыққа оқ атуы – халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы», – деді.
«Ауғанстан от пен қан ойынын ойнап отыр», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Пәкістан армиясының өкілі азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау үшін қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Пәкістан армиясы ресми мәлімдеме жасаған жоқ, бірақ қауіпсіздік құрылымындағы дереккөз BBC-ге берген ақпаратында атыс Пәкістан мен Ауғанстан шекарасының бірнеше нүктесінде — Ангур-Ада, Баджаур, Куррам, Дир, Читрал және Бахрамчада болғанын айтты.
Куррам ауданындағы қақтығыс аймағына жақын полиция қызметкері BBC-ге ауған тарапынан ауыр қарудан оқ атудың жергілікті уақытпен сағат 22:00-де (GMT бойынша 17:00) басталғанын жеткізді.
Оның айтуынша, шекараның түрлі нүктелерінен қарқынды атыс туралы хабарлар түскен.
Бұған дейін осы аптада «Талибан» үкіметі бейсенбі күні Кабулда болған екі жарылыстан кейін Пәкістанды Ауғанстанның «егемен аумағын бұзды» деп айыптаған болатын.
Жұма күні Ауғанстан Қорғаныс министрлігі Пәкістан елдің оңтүстік-шығысындағы Пактика провинциясында орналасқан азаматтық базарды бомбалағанын мәлімдеді. Жергілікті тұрғындар BBC-дің Ауған қызметіне көптеген дүкеннің қирағанын айтқан.
Осыдан кейін Пәкістанның жоғары лауазымды генералы Ауғанстанды өз аумағын «Пәкістанға қарсы террористік операциялардың базасына айналдырды» деп айыптады.
Пәкістан ұзақ жылдар бойы ауған «Талибанын» өз аумағында пәкістандық «Талибан» содырларына әрекет етуге мүмкіндік беріп, Исламабадқа қарсы қатаң исламдық басқару жүйесін орнатуға ұмтылуда деп сынап келеді.
Ауған «Талибан» үкіметі бұл айыптауларды үнемі теріске шығарып келген.
Қазіргі шиеленіс Ауғанстан Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттакидің Үндістанға апталық сапары кезінде өршіді. Дипломатиялық жылымық аясында Дели Кабулдағы елшілігін қайта ашу жоспарын жариялады. Елшілік төрт жыл бұрын «Талибан» билікке оралғаннан кейін жабылған болатын.
Пәкістанның ішкі істер министрі: «Ауғанстан лайықты жауап алады. Үндістан да, егер Пәкістанға жаман ниетпен қарауға тырысса, соның кебін киеді», – деп мәлімдеді.
Өткен айда Пәкістанмен өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойған Сауд Арабиясы Исламабад пен Кабулды сабыр сақтауға және шиеленісті ушықтырмауға шақырды.
Катар да Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, екі елді «диалог пен дипломатияны және ұстамдылықты басымдық етуге» үндеді.