ЕрекшеЭкономика

«Пайызсыз несие ме»: Ислам қаржыландыруы жайлы аңыз бен ақиқат

Астанада өткен жиында қаржыгерлер журналистерге Ислам қаржыландыруының мәнін түсіндірді. Көпшілік бұл жүйені «пайызсыз, тегін несие» деп қабылдап жүр. Алайда сарапшылар мұндай түсініктің түбірімен қате екенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ислам қаржыландыруы – Шариғат қағидаларына негізделген әділ және жауапкершілікке құрылған қаржы жүйесі. Онда өсімқорлық пайызға (риба) тыйым салынады, табыс тек нақты экономикалық қызмет пен сауда арқылы алынады. Ақша өзінен-өзі ақша әкелмейді – ол тауар не қызмет арқылы ғана табыс көзіне айналады.

Мұндай жүйеде банк пен клиент серіктес ретінде жұмыс істейді: тәуекел мен пайда екі тарап арасында бөлінеді. Ал қаржы тек халал бағыттарға салынады – мысалы, алкоголь, құмар ойындары немесе қару-жарақ өндірісі сияқты салаларға инвестиция салуға рұқсат жоқ.

«Адал табыс пен ашық келісім»: Zaman Bank тәжірибесі

Қазақстанда Ислам қаржыландыруымен жұмыс істейтін аз ғана банктің бірі – Zaman Bank. Оның басқарма төрағасы Гүлфайруз Асаеваның айтуынша, банк азаматтарға 3 млн теңгеге дейін, 5 жыл мерзімге тауарлық мурабаха келісімі бойынша қаржыландыру ұсынады. Бұл — дәстүрлі пайыздық несие емес, нақты тауар сатып алу негізіндегі мәміле.

«Қаражатыңыз тек халал активтерде жұмыс істейді, барлығы ашық көрсетіледі», – дейді Асаева.

Банк бизнесті қолдау мақсатында шағын және орта кәсіпкерлерге 10 млн теңгеге дейін қаржыландыру тетігін іске қосқан. Оның айтуынша, жұрт арасында Ислам банкингіне қатысты қате түсініктер көп.

Гүлфайруз Асаева

«Біз әуелі нарыққа шыққан сәтте-ақ бізге бірден көп ұсыныс келді. Сол кезде бізге бір нәрсе анық болды: исламдық қаржы туралы әлі де көптеген дақпырттар мен стереотиптер бар екен. Біреулер оны тым күрделі деп ойлайды, енді біреулер — тек мұсылмандарға арналған деп есептейді. Ал шын мәнінде, исламдық банкинг — бұл адалдық, ашықтық және адамға деген құрмет. Біздің миссиямыз — исламдық қаржының заманауи әрі баршаға ыңғайлы бола алатынын түсіндіру және оны іс жүзінде көрсету», – дейді Гүлфайруз Асаева.

«Ислам терезелері» не береді

Zaman Bank кеңесінің төрағасы, АХҚО Шариғат кеңесшісі Мақсатбек Қайырғалиев Қазақстанның Орталық Азияда Ислам қаржыландыруын заң жүзінде бекіткен алғашқы ел екенін айтты. Қазір Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында «Ислам терезелерін» ашу тетігі енгізілмек. Бұл дәстүрлі банктерге де Ислам қағидаттарымен қызмет көрсетуге жол ашады.

“Ислам қаржыландыруы арқылы банктер несиені сонда пайыз қоспай бере ме?” деп әуелі журналистер Мақсатбек Қайырғалиевтен сұраған. 

Мақсатбек Қайырғалиев

“Пайыз деген – математикалық санат. Ол барлық жерде бар. Мен бір нәрсені алып, 10 теңгеден 11 теңгеге сатсам, 1 пайыз – математикалық санатқа жатады. Ислам қаржыларында да пайыз бар, бірақ өсімқорлық пайыз жоқ. Ислам қаржы жүйесінде ең негізгі мәселе – ақшаны беріп, оның орнына тағы ақша алу емес, тауар немесе қызмет күйінде беріп, сол үшін төлем алу болып саналады. Тұтынушылық кредиттеу бұл жүйеде өте аз дамыған. Қазақстанда қазір бір нәрсені алып, сатсаң, үстіне қосымша құн салығы қосылады. Ол Ислам қаржы нарығындағы банктер немесе мекеме болсын, тұтынушыларға беретін ақшасын қымбаттатып жібереді”, деп жауап берді ол.

Оның айтуынша, Ислам қаржыларында ішімдіктер мен құмар ойындарға қатысты болса немесе соған қатысты бизнестер болса, оған ақша бөлінбейді.  Мысалы, Ислам банкінен карта ашсаңыз, алкомаркеттен кока-кола да ала алмайсыз. Өйткені төлем өтпейді.

Қазақстанда қазір бірнеше банк «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы тіркеліп, Ислам қаржыландыруы тетігі арқылы жұмыс істеп жатыр.

Back to top button