Трамп тыс қалды: Нобель сыйлығы Венесуэла оппозициясының жетекшісіне берілді
2025 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо алды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің бейбітшілік сыйлығына лайық екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Ақ үйге қайта оралғаннан кейін ол бірнеше соғысты тоқтатуға қол жеткізген, деп жазады ВВС.
«Олар маған ешқашан Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығын бермейді. Мен оған лайықпын, бірақ бәрібір бермейді», — деген еді АҚШ президенті 2025 жылдың ақпанында.
30 қыркүйекте америкалық генералдардың алдында сөйлеген сөзінде Трамп бұл тақырыпты қайта қозғап, егер сыйлық басқа біреуге берілсе, «бұл біздің еліміз үшін үлкен қорлық болар еді» деп айтты.
Трамптың соңғы және, бәлкім, ең маңызды жетістігі — сәрсенбі күні Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасында қол қойылған атысты тоқтату және израильдік тұтқындарды қайтару жөніндегі келісім болды.
Алайда сарапшылардың айтуынша, Нобель комитетінің соңғы отырысы дүйсенбі күні өткен, яғни бұл келісім жарияланардан бұрын.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, шешім қабылдайтын бес мүшенің бірі — Нобель комитетінің хатшысы Кристиан Берг Харпвикен Премия бейбітшілікке соңғы сәтте қол жеткізген жетістіктер үшін берілмейтінін атап өткен.
Нобель бейбітшілік сыйлығы дегеніміз не
Бейбітшілік сыйлығы — Нобель марапаттарының ішінде Швеция емес, Норвегия Нобель комитеті табыстайтын жалғыз сыйлық. Бұл шешімді бес адамнан тұратын комитет қабылдайды.
Норвегия комитетінің ережесіне сәйкес, бейбітшілік сыйлығына кез келген адам ұсынылуы мүмкін, алайда кандидатураны ұсынуға тек шектеулі топтағы тұлғалар ғана құқылы.
Кандидаттарды ұсыну кезінде Альфред Нобельдің өсиетінде көрсетілген үш негізгі өлшем ескеріледі: қарулы күштердің санын азайтуға қосқан үлес, бейбіт келіссөздерді ілгерілету және халықтар арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтуға қосқан үлес.
Комитеттің түсіндіруінше, соңғы 120 жыл ішінде Нобель атап өткен ұғымдарға бірнеше нақтылау енгізілген. Олардың қатарында халықаралық ынтымақтастық, бейбітшілік ісіне тек жекелеген адамдар ғана емес, ұйымдардың да қосқан үлесі және адам құқықтарын қорғау сияқты бағыттар бар.