ШҚО-да алдына келген адамдарды боқтаған әкім айыппұлмен құтылды
ШҚО әкімдігі Шілікті ауылдық округі әкіміне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісі қаралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz ru.sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
КІНӘСІ НЕМЕН ДӘЛЕЛДЕНДІ
Еске сала кетейік, Зайсан ауданына қарасты ауылдық округ басшысының камера алдында дөрекі сөйлеген видеосы әлеуметтік желіде таралған болатын. Күні кеше өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметшілердің әдебі жөнінде жиналыс өткізді. Сосын әкімге қандай шара қолданылғаны туралы ақпаратпен бөлісті.
“Сот анықтағандай, 2025 жылғы 6 қазанда шамамен сағат 15:00-де, әкімдік ғимаратындағы қызметтік кабинетте ауыл тұрғындары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің көзінше, лауазымды тұлға (әкім) айналасындағыларға дөрекілік танытып, балағат сөздер айтқан”, – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Сот процесінде бұл факт куәлардың айғақтарымен, видеожазбамен және әкімнің өз түсініктемелерімен дәлелденді.
“Сот отырысында азамат Т. өз кінәсін толық мойындап, кездесуге келген азаматтарға қатысты балағат сөздер айтқанын жоққа шығармады. Ол жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, көпшіліктен кешірім сұрады”, – делінген хабарламада.
АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ
Нәтижесінде, әкім Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге (шамамен 102 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынды. ШҚО әкімдігі ақпаратынша, сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ал жоғарыда жазылған мемлекеттік қызметшілер әдебі жөніндегі кеңесте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызмет жайлы сөзін еске салды:
“Президенттің: «Мемлекеттік қызмет – бұл халық алдындағы ерекше жауапкершілік» деген болатын. Сондықтан қоғам алдында ар-ұяттан жұрдай әрекеттерге жол беруге болмайды. Басқарма басшылары мен ауыл әкімдері сыпайылықтың, сабырлылықтың және кәсібиліктің үлгісі болуы тиіс”, – деді облыс басшысы.
Этика жөніндегі уәкіл де облыс әкіміне мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық әдепке сай мінез-құлық нормаларын сақтау керектігін еске салды.