Ерекше

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі өсті

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.

БАНК МӘЛІМДЕМЕСІ

Жұма күні тараған ресми хабарламада Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде белгілегені жазылған. Соған сәйкес теңгеге қатысты пайыздық дәліз +/- 1 пайыздық тармақты құрайды.

Ұлттық банк мәлімдеуінше, инфляция қарқынының үдеуі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді бюджеттік саясат жағдайында ақша-кредит талаптарын жұмсарту инфляциялық процестерді тұрақтандыру мақсатында елеулі шараларды қажет етті.

«Инфляцияның өсуі барлық негізгі көрсеткіш бойынша тіркелді. 2025 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ға дейін жеделдеп, Ұлттық банктің болжамынан асып түсті (тамызда – 12,2%). Инфляцияға ең үлкен үлесті азық-түлік бағасы қосып отыр – 12,7%-ға өсті. Кейбір азық-түлік тауарлары жедел қымбаттап жатыр, оған өндіріс шығындарының және импорттық бағаның өсуі себеп болды. Қызмет көрсету саласындағы инфляция да елеулі үлес қосып отыр – 15,3%, бұл ретте реттелетін қызметтер 30,4%-ға, кейбір нарықтық қызметтер де қымбаттаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы да 10,8%-ға өсті. Бензин мен дизель отынына бағаның либерализациясы аясында жанармай бір жыл ішінде 11,9%-ға, ал қыркүйек айында 3,4%-ға қымбаттады», – делінген ресми мәліметте.

Айлық инфляция тамыздағы 1,0%-дан 1,1%-ға жеделдеген. Сонымен қатар, базалық инфляция 1,1%-дан 1,2%-ға, ал маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция 1,2%-дан 1,3%-ға өскен. Бұл көрсеткіштер инфляцияның орныққан сипатын және екінші реттік әсерлердің біртіндеп байқала бастағанын көрсетеді.

«Халықтың инфляциялық күтулері 12 айлық болжам аясында жоғары күйінде қалып отыр және тұрақсыз. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың инфляция бойынша болжамы 11,3%-дан 12%-ға өсті. Сыртқы инфляциялық қысым да сақталуда. Әсіресе, әлемдік азық-түлік нарығынан төнетін қауіп күшейіп келеді. Соңғы жылдары ет пен өсімдік майына баға рекордтық деңгейде өскен. Бұл тауарлар белсенді экспортталып жатқандықтан, олардың сыртқы бағасы ішкі нарықтағы өсімге де әсер етіп отыр», – деп атап өтті Ұлттық банк.

ЕО БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕНІ ӨЗГЕРТПЕДІ

Ресейде инфляция деңгейі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, баяулау белгілері байқалады. Еуропалық Одақта инфляция орныққан күйінде қалуда. Еуропалық орталық банк (ЕОБ) белгісіздікке байланысты базалық мөлшерлемені өзгертпей, үзіліс жасап отыр. АҚШ-та Федералды резерв жүйесі инфляциялық қысымның бәсеңдеуі мен экономикалық тұрақсыздық жағдайында жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында мөлшерлемені төмендету кезеңіне өтті.

Қаңтар–тамыз айлары аралағындағы экономиканың жылдық өсімі 6,5%-ға жеделдеді (2024 жылдың ұқсас кезеңінде – 3,7%). Көлік және қоймалау (+21,5%), құрылыс (+18,1%) пен сауда (+8,9%) салаларында, сондай-ақ тау-кен өндірісі (+9,6%) мен өңдеу өнеркәсібінде (+6,5%) жоғары өсім қарқыны сақталып отыр. Экономикалық өсім, негізінен, бюджеттік шығындар мен ішкі тұтынуға тәуелді салаларда шоғырланған. Сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсу белгілері күшейіп келеді, бұл өз кезегінде импорт көлемінің артуына түрткі болуда. Сонымен қатар, тұтынушылық несиелендірудің белсенділігі мен инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі де қосымша серпін беріп отыр, – деп нақтылады қаржы реттеушісі.

Ұлттық банк инфляциялық қысымның басым бөлігі ішкі факторларға байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда: Ішкі сұраныстың тұрақты түрде жоғары болуы, арифтік реформаның екінші реттік әсерлері, ЖЖМ нарығының либерализациясы, Салық реформасы, оның ішінде ҚҚС-тың өзгеруі.

«Инфляцияның айтарлықтай жеделдеуі, инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі және теңгенің нақты тиімді айырбас бағамының әлсіреуі ақша-кредит жағдайының жұмсарғанын және инфляцияның болжанған траекториясынан ауытқуын көрсетті. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Ұлттық банктің алтын-валюта операцияларын теңгерімдеу, МРТ-ны қайта қарау, микро- және макропруденциялық шектеулерді енгізу шараларымен қатар қабылданып отыр. Мақсат — инфляцияны тұрақтандыру, халықтың күтулерін түзету, теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтау және инфляциялық спиральге жол бермеу», – делінген хабарламада.

РЕТТЕУШІ ОРГАН НЕ ДЕЙДІ

Ұлттық банк алдағы уақытта инфляциялық және дефляциялық факторлардың тепе-теңдігін, сондай-ақ инфляцияның баяулау қарқынын жіті бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

«Егер қазіргі деңгейдегі қатаң ақша-кредит жағдайы инфляцияны тұрақтандыру үшін жеткіліксіз болса, базалық мөлшерлемені қосымша көтеру мәселесі қаралады», – деп нақтылады реттеуші орган.

Back to top button