Трамп Таяу Шығысқа 12-ші қазанда баратын болды
Бұл сапар Израиль мен ХАМАС арасындағы келісім мен Газа секторындағы соғыстың тоқтатылуына байланысты жүзеге аспақ, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
УАҚЫТЫН НАҚТЫЛАП ЖАТЫР
АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Таяу Шығысқа сапарының күнін жариялады. Ол бұл аймаққа жексенбі, яғни 12 қазанда, Израиль мен ХАМАС Газа секторында ұсталған тұтқындарды босату жөнінде келісімге келгеннен кейін барғалы отыр деп күтіледі.
Трамптың айтуынша, ол Мысырға барып, ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімінің бір бөлігіне ресми түрде қол қоюға қатысады.
Мен баруға тырысамын. Біз сол жерге жетуге күш салып жатырмыз, қазір сапар мерзімі мен уақытын нақтылап жатырмыз, – деді Трамп министрлер кабинетінің отырысында.
ОХАНА ТРАМПТЫ ОДАҚТАС САНАЙДЫ
Ақ үй басшысы одан бөлек, Кнессетке (Израиль парламенті) ресми түрде сөз сөйлеуге шақырту алғанын және бұл ұсынысты қабыл алғанын жеткізді.
Израиль Кнессетінің спикері Амир Охана Трампқа ресми түрде шақырту хат жолдап, парламентте сөз сөйлеуге шақырған. Охананың айтуынша, бұл АҚШ-тың қазіргі президентінің Джордж Буштан (2008 жыл) кейін Кнессеттегі алғашқы ресми баяндамасы болмақ.
Израиль халқы сізді қазіргі заман тарихындағы еврей халқының ең үлкен досы әрі сенімді одақтасы ретінде қабылдайды. Сондықтан сізді Кнессет мінберінен халыққа ресми үндеу жолдауға шақыру – мен үшін үлкен мәртебе әрі құрмет, –делінген Охананың хатында.