Ерекше

Израиль мен ХАМАС Газа секторы бойынша келісімнің бірінші кезеңін мақұлдады

ХАМАС Израильдік тұтқындарды босатады, ал Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) әскерін келісілген шептерге шегіндіреді – тараптар Газа секторындағы бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі бойынша мәмілеге келді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz dw.com-ға сілтеме жасап. 

Осы бойынша тараптар келісім болғанын растады. АҚШ президенті Дональд Трамп 8 қазан, яғни сәрсенбі кешінде, Truth Social желісіндегі жазбасында Израиль мен ХАМАС АҚШ ұсынған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңіне қол қойғанын хабарлады.

Бұл барлық тұтқынның жақын арада босатылатынын және Израиль әскерінің келісілген шептерге шегінетінін білдіреді. Бұл мызғымас, сенімді және тұрақты бейбітшілікке бағытталған алғашқы қадам. Барлық тараппен әділ қарым-қатынас орнатылады! – делінген жазбада.

Сондай-ақ ол АҚШ-пен бірлесе жұмыс істеген Катар, Мысыр және Түркия елдерінің делдалдарына алғысын білдіріп, бұл оқиғаны «тарихи әрі бұрын-соңды болмаған» келісім деді.

Трамп осы жылдың 12 қазанына қарай Таяу Шығысқа аттануға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол сол күні Ақ үйде өткен баспасөз брифингінде айтты. “Апта соңына қарай, бәлкім жексенбі күні барамын – көре жатармыз”, – деп келтірді оның сөзін америкалық БАҚ.

Кейін Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп ХАМАС тарапынан Газа секторында ұсталған тұтқындар 13 қазанда, дүйсенбі күні Израильге қайтарылуы мүмкін екенін айтты. Оның ішінде тұтқында көз жұмғандардың мүрделерін қайтару да қамтылған.

Газа келісімін Израиль, ХАМАС және Қатар растады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әлеуметтік желідегі Х жазбасында 9 қазанда үкімет отырысын өткізіп, ХАМАС террористік тобы қолындағы тұтқындарды елге қайтаруға бағытталған келісімді ратификациялау жоспарланғанын жазды. Reuters агенттігі ХАМАС тарапы да Израильмен келісімге келгенін хабарлады.

Кейінірек AFP агенттігі радикалды исламшыл топқа сілтеме жасап, тірі қалған тұтқындардың шамамен 2000 палестиналық тұтқынға айырбасталатынын, бұл үдеріс келісім жасалған сәттен бастап 72 сағат ішінде жүзеге асатынын мәлімдеді.

Катар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мәжид әл-Ансари Х желісіндегі парақшасында:

– Бүгін кешке Газа секторындағы атысты тоқтату жөніндегі келісімнің алғашқы кезеңі мен оны іске асыру тетіктері бойынша барлық тармақтар мақұлданды. Бұл соғыстың тоқтатылуына, израильдік тұтқындар мен палестиналық жазасын өтеушілердің босатылуына және гуманитарлық көмектің жеткізілуіне жол ашады, – деп жазды. Оның айтуынша, келісімнің нақты егжей-тегжейі кейінірек жарияланады.

БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш келісімді құптады

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімді оң бағалап, бейбіт шешімге жол ашылғанын атап өтті.

– Мен барлық мүдделі тараптарды келісімнің шарттарын толық орындауға шақырамын. Барлық тұтқындар адамшылыққа сай түрде босатылуы тиіс. Атыс толық тоқтатылуы қажет. Қақтығыстар біржола аяқталуы керек, – деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.

Гутерриш БҰҰ бұл процестің жүзеге асырылуына қолдау білдіріп, Газа секторына гуманитарлық көмекті арттыратынын жеткізді.

Сонымен қатар ол аймаққа гуманитарлық және коммерциялық жүктердің тез әрі кедергісіз жеткізілуі қажеттігін, бұл мүмкіндікті пайдаланып, палестиналық халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындайтын, «екі мемлекет» қағидасына негізделген тұрақты саяси шешім жолын әзірлеу керектігін айтты.

– Бұл шешім израильдіктер мен палестиналықтардың бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүруіне жол ашады, – деді Гутерриш.

ХАМАС-тың Израильға шабуылы

2023 жылғы 7 қазанда Еуропалық одақ пен АҚШ-та террористік ұйым ретінде танылған ХАМАС қозғалысының Израильге жасаған шабуылы Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына түрткі болды. Сол күні қарулы топ Израиль аумағына зымыран соққысын жасап, ел шекарасынан заңсыз өтіп, заманауи Израиль тарихындағы бейбіт тұрғындарға қарсы ең қанды қырғын ұйымдастырды – шамамен 1200 адам қаза тапты. Бұдан бөлек, шамамен 250 адам тұтқынға алынып, Газа секторына жеткізілді. Кейін олардың бір бөлігі босатылып не айырбасталса, қалғандары тұтқында қаза тапқан.

Газа секторында жүргізілген құрлықтағы операция мен әуеден жасалған соққылар салдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, тағы 169 мыңнан астамы жарақат алған. Бұл туралы ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Алайда бұл деректердің нақты қалай есептелетіні белгісіз. Мәселен, қаза тапқандардың арасында қанша исламшыл жауынгер болғаны немесе ауруханада табиғи себептермен көз жұмған палестиналықтардың бұл статистикаға кірген-кірмегені нақты көрсетілмеген.

2024 жылдың қыркүйек айының соңында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға сапары барысында Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспарын қолдайтынын білдірді. Ал ХАМАС өкілдері қазан айының басында келісімнің жекелеген тармақтарымен ішінара келісетінін жеткізді. 6 қазанда Мысырда екі тараптың делдалдар арқылы алғашқы келіссөздер өтті.

Back to top button