
Қызылорда облысында баласын бөтен баламен төбелестірген ер адамның үстінен әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Видеода футбол алаңында ересек адам екі баланы итше төбелестіріп, “ұр, ұр” деп айқайлайды. Оларды көп бала қоршап, аузына келгенін айтқан.
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Қызылорда облысы Арал ауданының 45 жастағы тұрғыны анықталып, полицияға жеткізілген.
“Өтеулиев көшесіндегі балалар алаңында жүрген ер адам өзара ұрысқан өзінің 10 жастағы ұлы мен 11 жастағы баланы төбелестірген. Олар дене жарақатын алған жоқ. Баланың анасынан полицияға шара қолдану туралы арыз түсті. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны және оны әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тартқаны үшін ер адам жауапкершілікке тартылды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Қызылорда облысының полиция департаменті ересектер тарапынан мұндай әрекеттерге жол берілмейтіндігін ескертеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес балалардың құқықтарын бұзғаны және денсаулықтарына зиян келтіргені үшін жауапкершілік қарастырылған.