ЕрекшеЖаңалықтар

«Бұл – әділетсіздік»: Аймағамбетов министр Нағаспаевты қатаң сынға алды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов құрылыс кодексінің жобасында әлеуметтік салаға тікелей қатысты түйінді мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай, депутаттардың түзетулері әзірге қабылданбағанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аймағамбетов ең әуелі, мектеп пен балабақша үйлерден кейін емес, онымен бірге салынуы тиіс екенін ескертті. Сөзінше, былтыр депутаттар көпқабатты тұрғын үйлерді мектептерсіз, балабақшаларсыз және емханаларсыз салуға тыйым салатын маңызды заңды қабылдаған. Бұл заң енді ғана жұмыс істей бастаған еді. Бірақ жаңа кодекс жобасында ол норма жоқ.

“Неліктен? Бұл кімге тиімді? Қазір тұтас шағынаудандар мектеп пен емханасыз салынып жатыр. Мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, ал балаларға оқитын да, ем алатын да жер жоқ. Бұл – әділетсіздік. Біз нақты ұсындық: мектеп, балабақша және емхана жоқ жерде құрылысқа рұқсат берілмесін”, – дейді ол.

Асхат Аймағамбетов сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі – үнемдейтін жер емес емес екенін айтты. Былтыр мәжілісмендермен бірге маңызды норманы қабылдаған: барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің терезелері міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы керек. Өкінішке қарай, балалардың терезеден құлап кетуі сияқты қайғылы оқиғалар әлі де кездесіп отыр. Жүздеген бала осылайша қаза табуда. Бірақ жаңа Кодекс жобасын ашып қарағанда бұл норма мүлде жоқ болып шыққан.

“Неліктен? Иә, мүмкін “қымбат”. Мүмкін “застройщиктерге тиімсіз”. Бірақ, бала өмірінен қымбат не бар? Егер осы норманың арқасында бір ғана баланың өмірі сақталса – ол Кодексте міндетті түрде болуы тиіс”, – дейді депутат.

Қазақстанда геологиялық зерттеу саласы әлі де бейберекет, бақылаусыз нарық күйінде қалып отыр. Мамандардың айтуынша, “геологиялық қорытындыны” кейде тіпті алаңға шықпай-ақ сатып алуға болады. Кейбіреулер бұрын 100 метр қашықтықта жасалған деректерді алып, көшіреді де, ресми құжат ретінде ұсынады. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз, ал іс жүзінде – жарықтар, шөгу, апат. Жобалау мен геологиялық зерттеу жұмыстарының өкілеттіктерін нақты бөліп, мүдделер қайшылығын болдырмау қажет. Мәжілісмендер осыған қатысты нақты түзетулер мен шешімдер ұсынған.

Мектеп пен балабақшаға арналған жер – дүкендер мен тұрғын үйлерге арналмаған.

“Бұл да өте өзекті тақырып. Кейбір жер телімдері ПДП-да мектеп пен балабақша үшін белгіленген. Алайда уақыт өте келе сол жерде тұрғын үй, сауда орталығы, тіпті түнгі клуб салынып кетеді. Немесе бар мектепті “апатты” деп танып, оның орнына тұрғын үй салып, мектепті қаланың шетіне көшіреді. Біздің ұсыныс: әлеуметтік нысандарға бөлінген жердің мақсатты пайдалану түрін өзгертуге қатаң тыйым салу, тек балама жер учаскесі 100 метр радиуста берілген жағдайда ғана рұқсат ету”, – дейді Аймағамбетов.

Депутат одан бөлек “Бизнес–әкімдік” меморандумдары жауапкершіліксіз – бұл жай ғана қағаз деді. Сөзінше, құрылыс салушылар әкімдіктермен меморандумдарға қол қояды: “Үй салуға рұқсат беріңіздер, кейін мектеп саламыз”, “кейін инфрақұрылымды қамтамасыз етеміз” дейді. Бірақ іс жүзінде бұл меморандумдар – жай уәде, заңды күші жоқ құжат. Сондықтан Парламент нақты тетік ұсынған: бұл енді жай уәде емес, үй салушының заңды міндеттемесі болуы керек.

Сапасыз құрылыс және жауапкершіліктің жоқтығы – бөлек мәселе. Қазір әлеуметтік нысандарда жарықтар, сапасыз материалдар, немқұрайлы жұмыс жиі кездеседі. Неліктен? Өйткені жауапкершілік аз, айыппұлдар тым аз және күлкілі деңгейде.

“Біздің ұсыныс: құрылыс нормаларын бұзғаны үшін айыппұлдарды бірнеше есе арттырып, аса өрескел бұзушылықтарға қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Қазір мұндай норма жоқ. Көп жағдайда бізге айтады: “Бұл нормаларды заңға емес, кейін бұйрықтар мен қағидаларға енгізейік” дейді. Бірақ заң мен бұйрықтың айырмасы орасан зор. Заң – ең жоғары заңдық күші бар акт. Оны министрдің бұйрығымен немесе хатпен өзгертуге болмайды – тек Парламент арқылы ғана. Заңдағы нормаға сотта сілтеме жасауға, оның орындалуын талап етуге және бұзғандарға жауапкершілік жүктеуге болады. Ал басқа актілер – бүгін қабылданады, ертең жойылады. Сондықтан біздің барлық ұсыныстарымыз – ар-ождан мен әділеттің нормалары”, – дейді депутат.

Back to top button