ЕрекшеСараптама

Әскерилердің зары: пәтерақыға зәру отбасылар, министрлік пен банк неге келісе алмай отыр

Бірнеше айдан бері әскери қызметкерлердің әйелдері әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, пәтерақыдан қағылғандарын айтып, дабыл қағып жүр. Тіпті олар бір рет жиналып, видеоүндеу жасаған. Мәселенің мәнісі неде екеніне бұл мақалада Tizgin.kz тілшісі үңіліп көрді.

«БІЗ ҚАРСЫМЫЗ»

Қазақстанда әскери қызметшілердің әйелдері 2025 жылы 1 шілдеде күшіне енген жаңа тұрғын үй төлемдері туралы заңға бұған дейін қарсылық білдіріп жүр. Олар төлем мөлшері қысқарғанын және оны пайдалану шарттары қатаңдағанын айтады.

Заң күшіне енгелі тұрғын үй төлемдерін пайдалану ережелері күшейіп, ақша тек тұрғын үйді сатып алу немесе жалға алу үшін ғана бағытталатыны айқындалған. 2018 жылы 1 қаңтарға дейін әскери қызметке шақырылған және әлі тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген қызметшілер үшін бір реттік тұрғын үй төлемдерін алу тәртібі өзгерген. Ал бұл жағдайда әскери қызметшілерге тек әдеттегі соманың 50%-ы төленеді. Бұл қаражатты әскери қызметшіге қызметтік тұрғын үй берілгенге дейін пәтерді тек жалдау үшін ғана пайдалану мүмкіндігі бар.

«Бұрын бір реттік тұрғын үй төлемдерін алатынбыз, қазір ағымдағы тұрғын үй төлемдері тиеді. Бізге ол ақшаны толық көлемде төлеуді талап етеміз. Өйткені бұрынғы төлемдер бір адамға тағайындалған, яғни күйеуім әлі үйленбеген кезде. Қазір отбасында төрт адам бар – екеуі бала және төлемдер дәл осы балалар үшін қысқартылған болып шығады. Бұрынғы төлемдердің көлемі тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге де жеткіліксіз болды. Сондықтан біз заңды қайта қарауды талап етеміз», — деген әскери қызметкердің әйелі.

Тағы бір отбасы төлемдердің артық бөлігін қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу үшін пайдалану мүмкіндігінен айырылған, ал олар бұл қарыздарды қаражаттың жетіспеушілігі себебінен алуға мәжбүр болған.

«ПӘТЕР ИЕЛЕРІ САЛЫҚ ТӨЛЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ»

 Әлеуметтік желідегі бір ай бұрын «майордың жарымын» деген Айдана Досаева есімді әйел күйеуіне пәтер жалдағаны үшін берілетін ақының қиылып қалғанын айтып, шағымын президент пен қорғаныс министріне жеткізген еді. Айдананың осы посты көп адамға ой салған. Оның постына 8 мыңнан астам адам пікір қалдырып, олар да әскерилердің туған-туысы, жары екенін жазып, қолдау білдірген.

«Мен әскеридің әйелі ретінде жанайқайымды жеткізгім келеді. Осы күнге дейін күйеуімнің алған айлығын айтудың өзі ұят. Қолға 270 мың теңге тиді. Бір ай бұрын ол майор шенін алды да, айлығы 320 мың теңгеге көтерілді. Біз пәтерді коммуналдық төлемдерін қосқанда 150 мың теңгеге жалдап отырмыз. Пәтер ақысынан қалатын 70 мың теңге бар. Біз әйтеуір, күн көріп жүрдік. Біз артық қозғала да, қыдыра да алмаймыз. Ақшаны жинау туралы айтпай-ақ қояйын. Қыдыру біз үшін байлықпен бірдей», — деген еді сол тұста Айдана.

Арада біршама уақыт өтсе де, әскери отбасылардың осы мәселесі әлі реттелмегенін Айдана Досаева жақында желіде тағы айтты.

««Отбасы банк» ақшасын алып жүрген әскерилерге мобильді қосымшада қызметті тез арада жауып тастады. Ал енді қайта қосыңыздар десек, соны созып жатыр. Не себепті Отбасы банк бұл мәселені реттеуге жауапты? Бұрынғыдай неге жасамайды? Бұрынғыдай неге ақшаны оп-оңай ала алмаймыз? Не болып кетті? Қазір күн суық, қыс қыр астында тұр. Не себепті біз осылай қиналуымыз керек? Қазіргі өзгеріске қарсы екенімізді қалай көріп, білмей отырсыздар? Бәрі зар илеп, банкке барса, «проблемаларыңмен шаршаттыңдар, кетіңдерші» дейді. Шынымен де, біздің проблема ешкімге керек емес. Біздің өміріміз Отбасы банкке, сол жақта отырғандарға ойыншық болып жатыр», – дейді ол.

Айдана өздері қатарлы пәтер жалдап отырған адамдар үшін бұрынғы жүйені қайтаруды талап етеді.

«Біз, әскерилердің отбасы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген адамдармыз. Ал енді Отбасы банк қазір ақшамызды алайық десек, жалға алып отырған пәтер иелерінің жеке куәлігін сұрайды. Әлбетте, пәтер иесі бізге «басты ауыртпай ары кетіңдерші» дейді. Өйткені ешкім де пәтері үшін салық төлегісі келмейді. Әскери отбасылар неге осындай қайшылықтың қиындығын көруіміз керек? Біз бұл заңға қарсымыз. Бізде ақша жоқ. Ипотекалық кредиті бар адамдар жайлы мүлде айтпай-ақ қояйын. Олар пәтердің алғашқы жарнасына ақша құю үшін кредит алған. Пәтерақыдан түсіп тұрған ақшаға сол кредиттерін жауып отырған. Енді олар өз несиелерін қалай жабады? Үлкен проблема. Бізді бірақ ешкім естімейді», – дейді ол.

Айдана десе де, «әлбетте, ақша келешекте бізге жиналып жатқаны жақсы» деп баға береді. Бірақ әскерилердің қазіргі айлығымен бізге өмір сүру қиын екенін, ешкім пәтер үшін келісімшарт жасағысы келмейтінін еске салады.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ҰСТАНЫМЫ

Tizgin.kz бұған дейін Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиевпен осы мәселе жөнінде тілдескен еді. Ахмадиев әскери қызметшілерге пәтер жалдау үшін берілетін ақы мәселесінде үлкен проблема барын мойындаған.

«Пәтерақы қысқартылып жатқан жоқ. Қазір келісімшартты (әскери қызметкерлер пәтер жалдаған кезде пәтер иесімен жасалатын) Әділет министрлігінде тіркелуі керек. Бұл бірінші өзгеріс. Екіншіден, бұл рас проблема. Біз мұны мойындап отырмыз. Білеміз, қазір жұмыс істеп жатырмыз. Тіркеуді автоматтандырып, цифрландырып, пәтер берушілерді жеке кәсіп ашқызбай, солардан салықты шешу амалдарын қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл өзгерістерді заңнамаға енгізгенгенге дейін бұл шартты алып тастау амалдары да қарастырылуда. Яғни, тіркемей-ақ, баспана жалдау ақшасын ала алатындай…», — деді Ахмадиев.

Оның айтуынша, егер отбасында үш адам болса, оларға пәтердің ауданына байланысты ақы беріледі. Бірақ жалдаған пәтердің иесімен келісімшартқа отырып, ол келісімшартты тіркеу керек. Екіншіден, алыс аудандарда ол келісімшартты рәсімдеп беретін Халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе нотариус бола бермейді. «Құдай қаласа келесі аптада шешімі болады. Қазір Үкіметпен, әріптестерімізбен бірге, сол бағытта жұмыстар атқарылып жатыр» деген ол.

Дархан Ахмадиев бірнеше күн бұрын Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимовамен кездескен. Сол кезде Айдана Досаева айтқандай, банктің мобильді қосымшасының бұрынғы қызметі қайта қалпына келтірілетінін жазған.

«Қосымшаны миллиондаған адам қолданатындықтан, техникалық даярлық пен тестілеуге уақыт кетеді. Шамамен қызмет қайтадан 1 қарашада қалпына келтіріледі. Банк қосымшасындағы қызметті қалпына келтіру жөніндегі банк басшысының жауабын сәрсенбіге дейін деп күтіп отырмыз. Біз кемі 25 қазанға дейін қалпына келтіруді өтіндік», – дейді ол.

Дархан Ахмадиевтің сөзінше, қосымша қазір әзірленіп жатқан ережелер шыққанға дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, әскери отбасы мен пәтер иесі арасындағы келісімшарт жасалуы керектігін күні ертең әскери отбасының бір күнде ғана далада қалмауы үшін жасалып жатқанын айтады (мәселен, пәтер иесі үйін сатамын деуі мүмкін). Министрдің орынбасары келісімшартты ашықтық пен екіжақты жауапкершіліктің кепілі деп есептейді.

ОТБАСЫ БАНК: АҚШАНЫ АЛУҒА БОЛАДЫ

Tizgin.kz Отбасы банкке хабарласып, осы мәселе жөнінде банктің ұстанымын сұраған. Ресми жауапқа сүйенсек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының (2025 жылғы 15 қыркүйектегі өзгерістер мен толықтырулармен) сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік арнайы органдар қызметкерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары және азаматтық қорғау органдары қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін ала алады. Ол үшін ақша арнайы жеке шотқа аударылады, ол шотты тұрғын үй төлемін алушы өзі таңдайды. Содан кейін осы шоттан тұрғын үй төлемін алушылар қаражатты заңмен рұқсат етілген мақсаттарға бағыттай алады.

Заңға сәйкес, тұрғын үй төлемдерін келесі мақсаттарға пайдалануға болады:

  • тұрғын үйді сатып алу, соның ішінде ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану арқылы, сондай-ақ оны өтеу;
  • болашақта өз тұрғын үйін алу үшін Отбасы банкінде депозитті толықтыру;
  • тұрғын үйді жалға алу төлемін жасау.

«Егер тұрғын үй төлемін алушылар Отбасы банкінде арнайы шот ашқан болса, банк осы жағдайда оператор рөлін атқарады: ол аударылған қаражатты рұқсат етілген мақсаттарға бағыттауға көмектеседі. Тұрғын үй төлемдерін басқа екінші деңгейлі банктердегі жалдау төлемдері немесе ипотекалық қарыздарды өтеу үшін аудару банк бөлімшелерінде немесе Баспана Маркет порталындағы (otbasybank.kz) жеке кабинет арқылы онлайн жүзеге асырылады. Бұл операциялар тек жұмыс күндері сағат 09:00-17:00 аралығында қолжетімді», – делінген жауапта.

Қажетті құжаттар:

  • Тұрғын үйді жалға алу төлемі үшін: жалға алу шарты (еркін формада жасалады) және меншік иесінің деректемелері (тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, шот нөмірі және аударым жасалатын банктің деректемелері). Бұл жағдайда меншік иесінің жеке куәлігі жалға алу шартына енгізілген деректермен (тегі, аты, ЖСН) сәйкестігін тексеру және тұрғын үй төлемдерін жалдау үшін аударуды жүзеге асыру мақсатында қажет.
  • Ипотекалық қарызды өтеу үшін:
    • банк/қаржы ұйымымен жасалған қарыз шарты (банк бөлімшесі арқылы өтініш жасаған жағдайда түпнұсқа);
    • қарыз бойынша төлем кестесі;
    • қарыз беруші банк/қаржы ұйымы немесе басқа заңды тұлға берген қарыз алушының қарыз жағдайы туралы анықтама (анықтаманың жарамдылық мерзімі – 10 жұмыс күні);
    • мүлікті сатып алу-сату шарты (қарыз шарты немесе несие шарты бойынша меншік иесі туралы мәлімет жоқ болған жағдайда).

      Банк қарыз шарты аударым жасалатын банктің деректемелерін қамтуы тиіс.

«Банк әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін есептеу үдерісіне қатыспайды. Банк рөлі – тұрғын үй төлемін алушыларға қызмет көрсету, төлемдерді олардың мақсатты пайдалануын қамтамасыз ете отырып аудару. Банк заңмен рұқсат етілген мақсаттарға төлемдерді аудару кезінде ешқандай кедергі жасамайды. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін онлайн қызметтер (Баспана Маркет порталы арқылы, otbasybank.kz) және офлайн қызмет көрсету (банк бөлімшелерінде) қарастырылған. Тұрғын үй иесінің жеке куәлігін талап ету тек клиенттердің мүддесін қорғау мақсатында жүзеге асырылады: бұл тұрғын үй төлемдерінің нақты меншік иесіне аударылып, соңғы алушыға жетуін қамтамасыз етеді», – деп позициясын білдіреді банк.

Back to top button