Кәрім Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген қылыш аукционда 930 мың теңгеге сатылды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген бірқатар қымбат бұйым аукционға екінші рет қойылғаннан кейін ғана сатылған, деп хабарлайды Tizgin.kz. Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ҚЫЛЫШ ҚАНША ТҰРАДЫ
Бұл жөнінде Электрондық сауда алаңының ресми деректері хабарлайды. Аукцион 7 қазан күні өтті. Жалпы 10 лоттың жетеуі сатылды. Соның ішінде, екі болат қылыш ең қымбат бағамен өтті. Бірі 930 мың теңгеге, екіншісі 837 мың теңгеге сатылған.
Сонымен қатар, бұған дейін сұраныс болмаған италиялық Montegrappa авторлық қаламы 440 мың теңгеге, ал Viskonti Firenze маркалы сыйлықтық қалам 402 мың теңгеге сатылды. Айта кетейік, бастапқыда бұл қаламдар 628 және 575 мың теңгеге бағаланып, ешкім алмап еді.
КОМПАНИЯ АЙТҚЫСЫ КЕЛМЕГЕН АҚПАРАТ
Сатылған өзге бұйымдар қатарында мыналар бар:
▪️«Алма отаны», «Астана», «Бәйтерек», «Қазақстан картасы» секілді кәдесый ретіндегі монеталар — 198 мың теңгеге;
▪️«1000 теңге номиналындағы гербті монета» (2003 жыл) және «Еуразия елдерінің астаналары» тақырыбындағы монеталар — 82 мың теңгеге өткізілген.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бұл заттардың нақты кімнен тәркіленгенін ашып айтпай отыр. Дегенмен олардың барлығы Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үйдің мүлкі ретінде тіркелген.