ЕрекшеТергеу

Қаржы жымқырды деген күдікке ілінген экс-шенеуніктің қарызы 3,3 млрд теңгеге жетті

Бұған дейін 1,5 миллиард теңге ұрланды деп хабарланған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ТАҒЫ БІР КҮДІКТІ БАР

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы қызметкері Бауыржан Айымбетовке қатысты қылмыстық іс аясындағы шығын 3,3 миллиард теңгеге дейін көбейді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Сотқа дейінгі тергеу аясында бұрынғы мәслихат депутаты Бекет Әбішев те күдікті ретінде танылып отыр.

Олар 3,3 миллиард теңге көлеміндегі субсидияны жымқырды деген күдікке ілінді, — деді Қайрат Бижанов қысқаша түсініктеме беріп.

ТЕРГЕУ МАТЕРИАЛЫНДА НЕ ДЕЛІНГЕН

Биыл сәуір айында Қаржылық мониторинг агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қызметтер мен цифрландыруды дамыту департаментінің экс-басшысы Бауыржан Айымбетовтің қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Экс-шенеунік бюджет қаржысын жымқыру және соның ізін жасыру схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Сол кезде келтірілген шығын 1,5 миллиард теңге деп бағаланған.

Тергеу материалдарына сәйкес, Айымбетов 2018-2022 жылдар аралығында Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидияларды алуда жасалған алаяқтық әрекеттерге белсенді түрде қатысқан. Ол Бекет Әбішевпен бірге 29 шаруа қожалығының электрондық цифрлық қолтаңбаларын және элиталық таңқурай көшеттерін жеткізу туралы жалған құжаттарды пайдалану арқылы заңсыз субсидия алған деп көрсетілген.

Back to top button