$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЕрекшеЖаңалықтар

ҚМА онлайн-казиноны жарнамалайтын блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Қазақстанда онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен жиында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бижановтың айтуынша, интернеттегі құмар ойындарының белсенді түрде насихатталуы – бүгінде өзекті әрі қауіпті мәселелердің бірі.

«Кең аудиториясы бар кейбір блогерлер жеңіл табысқа құмарып, азаматтарды құмар ойындарына тартуда. Мұндай 37 тұлға анықталды, олардың 18-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ҚМА төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, бұл блогерлердің көбі заңды кездейсоқ емес, жүйелі түрде бұзады. Ал қазіргі қолданыстағы айыппұлдар олардың табысымен салыстырғанда тым төмен.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 455-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тыйым салынған қызметті жарнамалағаны үшін айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 60, ал жеке кәсіпкерлерге – 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген. Бұл сома олардың табысымен салыстырғанда мүлде сәйкес келмейді», – деп түсіндірді ол.

Бижановтың айтуынша, құмар ойындарын жарнамалауға тікелей жауапкершіліктің болмауы жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Себебі дәл осы жарнама көп жағдайда ойынға тәуелділіктің алғашқы қадамына айналады.

«Біз онлайн-казино жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынамыз. Бұл шараны қаржы пирамидаларына қатысты қолданылатын тәжірибемен ұқсастыруға болады. Олжас Абаевич, осы бастаманы қолдауыңызды сұраймын», – деді ол премьер-министрге.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button