БілімЕрекше

Мектептегі ас мәзірі оқушылар көңілінен шықты ма? Қанша тамақ ішілмей қалғаны әлі есептелген жоқ

Қазақстанда мектептерге арналған жаңа тамақтану стандарты енгізілгенімен, әзірге желінбеген тағам индексі есептелген жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

БРИФИНГТЕ НЕ АЙТЫЛДЫ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ тағамтану академиясы вице-президенті Аққүміс Салханова мәлімдеді.

1 қыркүйектен бастап ел мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізілген болатын. Онда тұз, қант пен майды тұтыну мөлшерін азайту, табиғи емес өнімдерден бас тартуға мән берілген. Жаңа талаптардың бірі – желінбеген тамақ индексін енгізу. Бұл көрсеткіш оқушылар берілген тағамның қаншасын ішіп, қаншасын тәрелкеде қалдырғандарын анықтауға мүмкіндік береді.

Дегенмен әзірге бұл көрсеткіш нақты есеп-қисабы шықпады.

«Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Әзірге тек жаңа мәзір енгізілуде. Ішілмеген тамақ индексін есептеу ісі алдағы уақыттың еншісінде. Негізінен бұл көрсеткішті жеткізушілер бақылауы тиіс, бірақ күні бүгінге дейін мониторинг жүргізілген жоқ», – деді Салханова.

МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Алматы қалалық білім беру объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Гүлнара Какимованың айтуынша, мегаполис мектептерінде жаңа стандарт қыркүйектің соңында ғана енгізілген. Желінбеген тамақ индексі ай сайын есептелуі тиіс.

«Егер бұл көрсеткіш 10 пайыз болса қалыпты, 20 пайызға жетсе, белгілі бір қауіптің барын білдіреді. Ал 30 пайыздан асса – міндетті түрде шара қабылдау керек. Келесі аптада Алматы бойынша нақты мәліметтерді жариялаймыз», – деді ол.

Жаңа стандарт аясында ел көлемінде 43 мектепте мониторинг жүргізіледі. Әр өңірде 2-3 білім беру ұйымы бұл жұмысқа ерікті түрде қатысады. Мониторинг аяқталған соң, нәтижелері 2-3 ай көлемінде талқыланады.

Back to top button