ЕрекшеЖаңалықтар

«Бәрі роза атып жатыр»: Мұқаев Парламентте TikTok тікелей эфирінде не істеп отырғанын айтты

Мәжілістің жалпы отырысында TikTok парақшасын тікелей эфирде қосып қоятын депутат Дәулет Мұқаев бұл әрекетін – Парламенттің ашықтығы деп атады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін “Тәуекел” ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов депутат Дәулет Мұқаевтың Тик-ток арқылы Мәжілістен тікелей эфир жүргізіп отырғанын сынға алған еді.

“Бәрі кіріп шығып роза атып жатыр. Бұл қаншалықты заңды? Мемлекеттік құпиялық, анау-мынау деген жоқ па? Бұлар не депутат болсын, не блогер болсын. Не сұмдық мұнау? Мәжіліс тікелей эфирде телевизор ютубта онлайн жүреді деп ақтамай ақ қойыңыздар. Дәулет журналист, телеарна қызметкері емес. Ол депутат! Әркім өз шаруасымен айналыссын”, – дейді Бурахан Дақанов.

Tizgin.kz депутаттан осы жөнінде пікірін сұраған. Дәулет Мұқаев керісінше, Парламентте “ашықтық көрсетіп жатырмыз” деп мәлімдеді.

“Ол жерде тікелей эфирде қосып қойып, жан-жаққа сілтеп отырған жоқпын ғой. Арнайы телефонды қойып қоясың, эфир қосылып тұр, болды. Арнайы уай-фай да бар. Яғни, ешқандай ұялы телефон немесе интернетке кіруге тыйым жоқ. Керісінше, басшылар, Ерлан Жаханұлы да (Қошанов – мәжіліс төрағасы) “ашық болыңдар, жұмыс процесін көрсетіңдер” деп отырады”, – дейді Дәулет Мұқаев.

Депутат біраз адам Мәжілістің жалпы отырысы YouTube-та тікелей эфирден, республикалық арнадан көрсетілетінін осы жайттан кейін көпшілік біле бастағанын айтады. “Блогердің аты блогер деген сынға қалай қарадыңыз?” деген сұраққа Дәулет Мұқаев “депутат болғаны сондай сынды естігенін” атап өтті.

“Иммунитет те қалыптасады. Осы уақытқа дейін қай депутаттың жұмыс кабинетін көрдіңіз? Мен оны да ашық көрсеттім. Одан кейін біздің отырыстарды ашық көрсеттім”, – дейді ол.

Дәулет Мұқаев “алдағы уақытта да тікелей эфирге шығасыз ба?” деген сұраққа “ашық болуға халық үйрене беруі керек” деп жауап берді.

Back to top button