ЕрекшеЖаңалықтар

ІІМ көлікті техникалық байқаудан үш жылда бір өткізу керек деген ұсынысқа жауап берді

Мәжіліс депутаттары бұған дейін көлікті техникалық байқаудан бір емес, үш жылда бір өткізу керек деп ішкі істер министрлігіне ұсыныс білдірген еді. Ведомство депутаттардың ресми сауалына жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ІІМ ресми жауабында техбайқау жол қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін ақауларды уақтылы анықтауға бағытталған профилактикалық функцияны орындайтынын хабарлайды. Техникалық себептерге байланысты жол-көлік оқиғаларының үлесі аз болғанымен, тіпті бір ақаулық (тежеу жүйесі, рульдік басқару және т.б.) ауыр зардаптарға, соның ішінде адам өліміне әкелуі мүмкін. Техбайқаудың үш жылдық аралығына көшу, әсіресе елдегі автомобильдердің орташа жасын (10 жастан жоғары) ескере отырып, автокөліктің техникалық жарамдылық деңгейінің төмендеуіне әкелуі ықтимал.

“Техбайқау тек заңнаманың талабы ғана емес, сонымен қатар автокөлікті жауапкершілікпен иелену мәдениетінің элементі. Жыл сайынғы бақылаудан бас тарту көлік құралдарын дұрыс пайдаланбаудың өсуіне және соның салдарынан апаттылықтың артуына әкелуі мүмкін. Уәкілетті органдар анықтаған техбайқау операторлары тарапынан бұзушылықтардың жекелеген жағдайлары жүйені бақылауды күшейту және реформалау қажеттігін куәландырады. Әкімшілік мәселелер қауіпсіздік шараларын әлсірету арқылы емес, цифрландыру, қадағалауды күшейту және операторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы шешілуі керек”, – делінген жауапта.

Салыстырмалы жол жағдайлары мен автопарк құрылымы бар елдердің көпшілігінде, әсіресе егде жастағы автомобильдер үшін жыл сайынғы техбайқау жиілігі сақталады. “Ұсынылған үш жылдық аралық көлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, міндетті техбайқаудан өту тәртібіне өзгерістер енгізу мерзімінен бұрын деп санаймыз” делінген ІІМ ресми жауабында.

Back to top button