Қылмыстық топқа қатысы бар деп айыпталған қазақстандықтың әйелі Тоқаев пен Жапаровтан көмек сұрайды
Қырғызстан шекарасынан өтіп бара жатып қолға түскен қазақстандық Ануар Жетыбаевтің әйелі Зәуре Телемисова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровтан көмек сұрайды. Оның сөзінше, күйеуі Камчы Көлбаевтың (Асанбек) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінген, деп хабарайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Мемлекет басшыларынан көмек сұраған әйел 6 тамыз күні күйеуі Ануар Жетыбаев Қырғызстан шекарасынан өткенде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері оны ешқандай нақты дәлелсіз ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) қаржыландырды деген күдікпен қолға түсіргенін алға тартты.
Оны Камчы Асанбек (Кольбаев) пен Жаппасовтың тобына қатысы бар деп айыптап отыр. Күйеуім Асанбековты танымайды. Ал Жаппасовты бүкіл Қордай өңірінің халқы таниды, өйткені ол біздің шағын ауылда тұрған. Ол сегіз жылдан бері жазасын Қазақстанда өтеп жатыр. Күйеуімді Бішкек қаласындағы тергеу изоляторында екі айдан бері қамауда ұстап отыр. Енді, еш дәлелсіз, тағы екі айға қамауға алу санкциясы ұзартылды. Тергеу де, сот та нақты айғақ ұсынбай отыр. Күйеуімді қандай негізге сүйеніп ұстауға болады? Кейінірек біз тергеушінің өтініші бойынша судьяның санкция мерзімін созу туралы шешімін білдік. Күйеуім бұрын сотталмаған, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Бұл туралы тиісті анықтаманы да ұсындық. Ол Қазақстандағы ешқандай қылмыстық топ құрамында болмаған. Сонда Қырғызстанның құқық қорғау органдары күйеуім туралы мұндай даулы әрі ауыр айыптарды қандай дәлелдерге сүйеніп айтып отыр? Біз бес баланы тәрбиелеп отырмыз, оның екеуі ерекше күтімді қажет етеді. Мен Қырғызстанның жоғары басшылығына, оның ішінде Президентке де осы істің әділ қаралуына көмектесуді сұраймын. Үндеуім елеусіз қалмайды деп үміттенемін», – деді Жетібаевтың жұбайы Телемисова өз мәлімдемесінде.
ШЕКАРАДА ҰСТАЛУ СЕБЕБІ
13 тамыз күні КазТАГ агенттігі Телемисованың мәлімдемесі негізінде, оның жұбайы Ануар Жетыбаевтың Қырғызстан шекарашылары тарапынан «Қордай – Ақжол» өткізу пунктінде заңсыз ұсталғанын хабарлады. Оның айтуынша, Жетыбаев туыстарымен бірге Ыстықкөлге демалуға бармақ болып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарадан өтпек болды. Алайда, дәл сол сапар барысында оны Қырғызстанның шекара қызметі тұтқындаған. Сосын Телемисова күйеуі ұсталғаннан кейін аз уақытқа байланысқа шығып, телефон арқылы өзіне Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландырды деген айып тағылып жатқанын айтып үлгерген. Сонымен қатар, «қылмыс әлемінің серкесі» саналатын марқұм К. Асанбектің ісіне де қатысы бар деген айып тағылып жатқанын жеткізіпті.
Телемисова сот процесінің әділ әрі ашық өтуін талап етуде.