Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллект зертханасын ашады

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллект зертханасының ашылатынын хабарлады. Ол бұл туралы Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумында мәлімдеді, деп жазады Tizgin.kz.
Жасанды интеллектке маманданған зертхана бүгін, 2 қазан күні, Alem.ai ғимаратында ашылады.
«Ең алдымен біз Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластерінің бірлескен жобасын іске асырамыз. Бұл технология миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпия түрде, ашық әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біз қазақстандық суперкомпьютерлік кластер осы желі үшін алғашқы ірі есептеу қуатын жеткізуші болады деп үміттенеміз», – деді Дуров.
Бұған дейін шарада Қазақстан Президенті сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні дамытуға философтар, әлеуметтанушылар мен заңгерлердің қатысуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, технология түрлі қоғамдардың болмысы, дәстүрі, құқықтық нормалары мен моральдық қағидаттарын ескеруі тиіс.