
Алматыда «Қайраттың» «Реалға» қарсы тарихи матчы өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ойын Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші тур аясында өтті. Алғашқы минуттардан бастап алаңға қос команданың басты жұлдыздары — Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Дастан Сатпаев және Шерхан Қалмырза шықты.
Кездесудің алғашқы жартысында жалғыз голды француз шабуылшысы Килиан Мбаппе соқты. Ол 25-минутта 11 метрлікті дәл орындады.
Екінші таймда Мбаппе тағы екі рет мергендік танытты — 52 және 74-минуттарда гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Француз шабуылшысының екі голының арасында төреші «Реалдың» қақпасына пенальти белгілеген еді, алайда видеоқайта қараудан кейін шешімін өзгертіп, соққыны алып тастады.
«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойын барысын өзгерту үшін бірқатар ауыстыру жасады: алаңға Байбекті, Эдмилсонды, Станоевті, Рикардиньоны және ұзақ уақыт жарақатына байланысты ойнамаған Зарияны шығарды. Дегенмен бұл өзгерістер матч тағдырына ықпал ете алмады.
83-минутта Эдуардо Камавинга «Қайраттың» қақпасына төртінші голды соқты. Бұл гол ойынның соңғысы болмады.
Қосымша уақытта Браим Диас тағы бір гол соғып, есепті түпкілікті белгіледі — 5:0.