ЕрекшеЭкономика

Қазақстан Ираннан сары майды молынан сатып алып жатыр. Баға соншалық қымбат та?

2025 жылдың жеті айының қорытындысында Ираннан Қазақстанға сары май импорттау 64%-ға артты, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ

Бірінші несие бюросы (БНБ) сарапшылары мәлімдетінше, ақшалай мәндегі өсім 91%-ды құрады. Осы уақыт ішінде Қазақстан Ираннан жалпы сомасы 8,4 миллион АҚШ долларына сары май сатып алған.

«Импорт көлемі де, бағасы да – Иран Қазақстанға сары май экспорттай бастаған төрт жыл ішінде, яғни қаңтар-шілде айларындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр», – деп атап өтті БНБ мамандары.

Иран былтырдың өзінде Қазақстанға сары май жеткізуші мемлекеттер арасында көш бастады. Қазір бұл елдің үлесіне республикадағы сары май импортының 41 пайызы (тонна бойынша) тиесілі.

Импорт өсімі тек Иранмен шектелмейді. Украинадан әкелінген сары майдың салмағы 3,7 есеге, ал ақшалай көлемі 5,3 есеге (2,8 млн доллар) артты. Осылайша, Украина ел импортының 10 пайызын құрап отыр.

БАҒА ТӨМЕН ЕЛДЕР

Ал Беларусь пен Ресейден жеткізілген сары май көлемі айтарлықтай өзгермеді. Бұл елдердің үлесі тиісінше 11% және 10%.

«Украиналық май қазақстандықтар үшін беларусь майынан арзан. Тоннасы орта есеппен 7,4 мың доллар, ал беларусьтікі – 8,3 мың доллар. Соған қарамастан, екі елдің де өнімі бір жыл ішінде  48% және 43%-ға қымбаттады», – дейді сарапшылар.

2025 жылы әлемдік нарықтағы сары май бағасы рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұған сүт тапшылығы мен Азиядағы тұтыну құрылымының өзгеруі себеп.

Қазақстанның өзінде сары майға сұраныс артып келеді. Айталық, ішкі нарықтағы сатылым 27%-ға өсіп, 20 мың тоннаға жеткен. Алайда отандық өндіріс бұл сұранысты толық қамти алмай отыр – өндіріс көлемі небәрі 10%-ға өсіп, 17,2 мың тонна болған.

 
Back to top button