БҰЛ ДАУ ЕМЕС – МҰҢ
Түркістандағы жеке мектептердің бірінен келген Айдос Мұқановтың айтуынша, Қаржы орталығы 2023 жылға дейін жекеменшік мектептерді мінсіз қаржыландырып келген. Содан бері олар қинала бастаған.
“Ақшаны бөлу мәселесі қазір қиындап кетті. Асхат Аймағамбетов министр болған тұста бүкіл Қазақстанда үш ауысымды мектептерді азайту міндеті болған. Соған біз себепші болып, кәсіпкерлер қолдап, бүкіл Қазақстанда жекеменшік мектептерді ашты. Екі жыл бойы жұмыс істеп келдік. Бірақ екі жылдан бері ақша мәселесі туындай бастады. Қыркүйекке әлі қаражат бөлінген жоқ. Мемлекеттік мектептерге қаражат бөлінгенімен, біз әлі алған жоқпыз. Астанаға келіп отырған себебіміз – ақша мәселесін шешіп берсін дейміз. Бұл дау емес – мұң”, – дейді Айдос Мұқанов.
Мектеп директорының айтуынша, өзі басшылық ететін мектепте әр баланың ата-анасынан қаражат жиналмайды. Тек кейбір мектептер балаларды автобуспен алып-қайту үшін ақша жинайды. Астанаға келген 30-40 адамның ішінде (директорлар) 200-ден 600 балаға дейін оқытып жатқан мектеп иелері бар. Айдос Мұқанов 70 мұғалімге айлығын қалай берерін білмей, басы қатып отыр.

Жекеменшік мектептердегі әр оқушыға ай сайын мемлекеттен 60-100 мың теңге аралығында ақша бөлініп келген.
“МҰҒАЛІМДЕРГЕ 37 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗБЫН”
Жамбыл облысынан келген жекеменшік мектептің директоры Раушан Саурықованың білім ордасында 400 бала оқып жатыр. Оның 100-і интернатта оқиды. Интернатта жатқан балалар бес уақыт тамақпен және оқулықтармен тегін қамтылған.

“Қаржы орталығы порталды ашпаған себебінен бір жылдан бері қаражатсыз отырмыз. Мемлекеттік мектептерде оқушы орыны тапшы. Сол себепті жергілікті атқарушы органдар сұраған соң ашылып едік. Жамбыл облысында барлығы жекеменшік 68 мектеп бар. 18 мың жуық бала сол білім ордаларында оқиды. Оның ішінде 12 жекеменшік мектеп бір жылдан астам уақыт бойы қаржыландыруға мүлде ілінбеген. Жеке кәсіпкерлер өз қалтасынан балаларды оқытып жатыр”, – дейді ол.
Раушан Саурықованың мектебінде 47 мұғалім білім береді. Қаражаттың тапшылығына байланысты Раушан “400-ақ балаға тегін білім беріп отырмыз” дейді. Сөзінше, әр баланы ыстық тамақпен, техникалық қажеттілікпен қамту мәселесі жар бермей барады. “Бүгінгі таңда біз мұғалімдерге 37 млн теңгеден астам берешекпіз” дейді ол.

Тараздағы жекеменшік мектептен келген Татьяна Педялина былтыр Қаржы орталығымен келісімшартқа отырғанын айтады. Соның негізінде мектепке қойылған талаптардың бәрі де орындалған. Сол шартқа сай жаңа мектеп салынып, білім ордасы техникалық тұрғыдан қамтылған.
“Қаржы орталығы өз міндеттерін орындаған жоқ. Мемлекеттік білім беру тапсырысын бізге бермеді. Егер республикада былтыр өтінімдер берілсе, Жамбыл облысында ескі мектептерді кеңейту өтінімдері болмады. Бұл проблема жылға созылды. Бізде қазір қаржыландыру жоқ. Бір жылдан бері бос тұрған мектепке оқушыларды кіргізе алмай отырмыз. Жаңадан балаларды қабылдау туралы мүлде әңгіме жоқ. Бар балалардың өзін жайлы жағдайда оқытуға зар болып отырмыз. Себебі ескі ғимарат жалға алынған. Жаңасы бос тұр”, – дейді Татьяна Педялина.
Бұрын жекеменшік мектептерге Қаржы орталығы тікелей қаражат бөліп келген. Алайда ережелердегі соңғы өзгерістерге байланысты қаражат жергілікті әкімдікті айналып бөлінетін болған. Жекеменшік мектептерге тек әр оқушы үшін ақша бөлініп келген.
МИНИСТРЛІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ
Мектеп басшылары журналистерге мәселесін айтып болған соң олардың бәрін министрлікке “вице-министр қабылдайды” деп кіргізіп алды. Журналистер ішке бірге кіреміз дегенде, полиция оларға “телефондарыңды қалдырыңдар” деді. “Жазып алмасақ, ол жақта не істейміз, телефонмен кіргізіңдер” деп журналистер сыртта күтті.
Арада бір сағаттан артық уақыттан соң журналистердің алдына Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Меделбекова шықты.

Оның айтуынша, аталған бағытта бюджет осыдан екі-үш жыл бұрын бөлініп қойған. Енді жетпеген ақшаны жергілікті атқарушы органдар бөлуі керек.
“Нысаналы трансферттермен жергілікті бюджеттерге қаражат жіберілген. Қазір оқушылардың контингентінде айырмашылық бар. Бюджет екі-үш жыл бұрын бекітілген. Контингенттегі айырмашылықтың үстіндегі қаражатты жергілікті атқарушы органдар қарастыруы керек. Өз бюджеттерінен. Мәслихаттардың отырысы қазан-қараша айларында өтеді. Біз қазір олардың бәрімен байланыстамыз. Мәслихат сессиясында қарастырылғаннан кейін ары қарай бұл мәселе шешіледі. Сонымен қатар, республикалық бюджеттік комиссияға да қосымша қаражатты сұрау жөнінде ұсыныс беретін боламыз”, – дейді ол.
Еске сала кетейік, шу шыққан министрлікте бүгін ғана министр ауысқан. Үш жылға жуық министр қызметін атқарған Ғани Бейсембаев орнынан кетіп, депутат болған Жұлдыз Сүлейменова басшылық қызметке келді.