ЕрекшеЖаңалықтар

Қытайда әлемдегі ең биік көпір ашылды

Жексенбі күні таңертең Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында әлемдегі ең биік көпір көлік қозғалысы үшін ресми түрде ашылды. Үш жылға созылған құрылыстан кейін бұл нысан шатқалды кесіп өту уақытын екі сағаттан бар-жоғы екі минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі.

Хуачзян шатқалы арқылы салынған көпір Бэйпаньцзян өзенінің үстінен 625 метр биіктікте өтеді. Бұл көрсеткіш Сан-Францискодағы «Алтын қақпа» көпірінен шамамен тоғыз есе биік.

Негізгі аралық ұзындығы 1 420 метр болатын бұл көпір – таулы жерде салынған ең үлкен аралығы бар болат фермалы аспалы көпір ретінде де әлемдік рекорд орнатты, деп мәлімдеді провинциялық билік.

Ұзындығы 2 890 метрге жететін құрылыс Жердің «жарығы» аталып кеткен Хуачзян шатқалын жалғап, әлемдегі екінші ең ірі экономиканың қарқынды дамып келе жатқан инфрақұрылымдық желісінің тағы бір буынына айналды.

Бұған дейін әлемдегі ең биік деп танылған Бэйпаньцзян өзені үстіндегі көпір Хуачзян көпірінен небәрі 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Еске сала кетсек, 2016 жылы пайдалануға берілген бұрынғы «рекордшының» көпір жабынынан өзен бетіне дейінгі тік қашықтығы 565,4 метрді құрайтын.

Соңғы жылдары Қытайдың ең артта қалған өңірлерінің бірі саналатын Гуйчжоу таулы аймағында 30 мыңнан астам көпір салынды, олардың үшеуі – әлемдегі ең биік көпірлер қатарында. Әлемнің ең биік 100 көпірінің шамамен жартысы дәл осы провинцияда орналасқан.

Back to top button