ЕрекшеЖаңалықтар

Президент қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

«Құрметті отандастар! Сіздерді шын жүректен Еңбек күнімен құттықтаймын! Бұл – аса маңызды мереке, себебі еңбек пен еңбексүйгіштік құндылықтары ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында біз әртүрлі кәсіп пен буын өкілдерін, елімізді адал да тынымсыз еңбегімен өркендеуге жетелеп келе жатқан барлық еңбек адамын ұлықтаймыз», – деді мемлекет басшысы.

Ол отандастарына Отанымыз үшін еткен еңбегі, ортақ құндылықтарымыз бен мақсаттарымызға деген берік сенімі, жоғары өндірістік нәтижелерге ұмтылысы, кәсіби біліктілікті жетілдіруге қосқан үлесі, іскерлігі мен еңбекте шығармашылық көзқарасы үшін шынайы алғысын білдірді.

«Қоғамда еңбек идеологиясын ілгерілетіп, жас ұрпақты еңбексүйгіштік рухында тәрбиелеу арқылы біз Күшті де Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалаймыз. Жауапкершілігі жоғары, адал әрі отаншыл азаматтарымыздың арқасында өркендеген, өркениетті қоғам құру міндетін табысты және абыроймен орындаймыз деп сенемін. Барша қазақстандықтарға мықты денсаулық, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін!» – деп жазды президент.

Back to top button