Құлыбаевтар әулеті Қапшағайда иелік еткен жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Алматы облысының прокуратурасы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің депутаттық сауалына жауап берді. Бұған дейін депутат Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауында жер учаскелері заңсыз бөлінгенін мәлімдеген еді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жұмыс уәкілетті органдармен бірлесіп, жүйелі және кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында жер ресурстарын басқару департаменті мен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бар.
«Кейінгі үш жылда мемлекет меншігіне жалпы құны 6,1 миллиард теңге болатын 83 мың гектар жер қайтарылды. Оның ішінде құны 1,6 миллиард теңге тұратын 21 мың гектар бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің, олардың туыстарының және Forbes тізіміне енген тұлғалардың иелігінде болған. Атап айтқанда, прокуратураның талап арызы бойынша 2025 жылғы мамырда мемлекетке Қапшағай жағалауындағы Кулибаевтар әулетіне тиесілі жер учаскесі қайтарылды», – деп хабарлады прокуратура.
Сондай-ақ депутаттық сауалда аталған тағы 9 гектар жағалау аумағы да мемлекет меншігіне өткізілген.
Іле ауданы аумағындағы жерлерге қатысты жұмыс жалғасып жатыр, оның қорытындысы жөнінде прокуратура жұртшылықты қосымша хабардар ететінін мәлімдеді.